Дәстүріміз дәріптелген фестиваль
Ақтөбеде 4-6 желтоқсан күндері биыл екінші рет ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін «Сыбаға-2025» этнофестивалі өтті.
Үш күнге жалғасқан ауқымды шара барысында қолөнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық тағамдар көрмесі, шеберлік сағаттары және салбурын ұйымдастырылды. Отандық және шетелдік дизайнерлер таңдаулы топтамаларын көрсетті. Қолөнершілердің жұмысын көруге халық көп жиналды. Әсіресе күмістен соғылған әшекейлер мен жүннен дайындалатын бұйымдарға сұраныс жоғары екені байқалды.
Фестиваль аясында көптеген ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз, ұлттық тағамдарымыз қайта жаңғырды. Осы шара барысында ондаған отасыларға соғымнан сыбаға таратылды. Сонымен бірге жиналғандар дизайнерлердің ұлттық нақыштағы киімдер топтамасын көруге мүмкіндік алды. Сән ілемі өкілдерінің айтуы бойынша, соңғы жылдары қазақы шапандар мен кәжекейлерге сұраныс артқан.
Этнофестивальдің үшінші күнінде жалпы саны 100-ден аса спортшы қатысқан дәстүрлі ұлттық спорт түрлерін біріктірген «Салбурын» мерекесіне жиналды. Бұл күні ақтөбеліктер мен қала қонақтары саятшылық өнері мен жаңғырған көне ойындарды тамашалады.
Алға ауданы да бұл фестивальге белсене қатысып, ұмытылып бара жатқан сирек ұлттық тағам түрлерін ұсынды. Тіл үйірер дәмді ұлттық тағам дайындап, ерекше көзге түсіп ауданымыз облыс әкімінің орынбасары Ғ.А.Елеуовтың Алғыс хатымен марапатталды. Гастрофестивальдің ең басты марапаты саналатын «Ең дәмді көнеден жеткен тағам» номинациясы бойынша жеңімпаз атағнған Алға ауданы ата-бабаларымыздан қалған ескі дәстүрді бағалап, оны дәріптеуге зор үлес қоса білді. Осы орайда ауданымыздың жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Сайын даламыздың ежелгі салт-дәстүрін қастерлеп, ұлттық тағамдарымызды ұлықтай білейік!
Марал Сандыбай