Зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Дәстүрлі «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясының жүзеге асуына қаламыздағы «Жадыра» отбасын қолдау орталығы белсене атсалысты.
Акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамда отбасының рөлін нығайту, зорлық-зомбылықтың жолын кесу, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайту.
2 желтоқсан күні аталмыш акция аясында Алға ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен «Жадыра» отабсын қолдау орталығында бала-бақша басшылары, әдіскерлері және психологтарына арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Кездесу барысында аудандық «Аналар» кеңесінің төрағасы Б.Қарағұлқызы қатысушыларға арнайы тренинг өткізіп, отбасындағы өзара сыйластық пен түсінікті қалыптастыру, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау, ата-аналармен тиімді байланыс орнату жолдары жөнінде құнды кеңестер мен тәжірибелік ұсыныстарымен бөлісті. Шараға қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктері мен психологиялық қолдау көрсету әдістері туралы маңызды мәліметтер алды. 
Сонымен қатар орталықтың заңгері республикалық акция аясында С.Байғазы қала тұрғындарына құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында Ашық есік күнін өткізіп, көптеген тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарының жауабына жауап берді. Бұндай кездесулер қарапайым тұрғындар үшін өте қажет, себебі олар күнделікті өмірде түрлі жағдайларға тап болып жатады. Бірақ, көп жағдайда арнайы заңгер кеңесіне жүгінуге уақыттары бола бермейді. Сондықтан да осы сынды кездесулер, кеңестер жиі өткізіліп тұрғаны абзал.
Отбасын қолдау орталығы Алға ауданы полиция бөлімі ҚҚБ отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Жанұя жылуы» тақырыбында кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында өзекті мәселелердің бірі отбасындағы қиыншылықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтар туралы айтылып, талқыланды. Сонымен бірге «Біз біргеміз» атты әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторларымен кездесу де өткізілді. Осы салада қызмет атқарып жүрген инспекторлардың еңбег өте зор. Олар әрдайым қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, кеңес, бағыт беріп отырады. Кездесуде сондай нәзік жандылардың өмірден өз орындарын табуға көмектесіп, өз-өздерін қолға алуына септігін тигізіп жүрген қызметкерлердің жұмысы жөнінде айтылды.
5 желтоқсан күні орталықтың кейс менеджері Ж.Муратова «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты мектептің бастауыш оқушыларымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен тренинг жүргізді. Шараға қатысқан әрбір бала осы тақырыпқа орай өз ойларын ашық айтып, сергіту жаттығуларын да жасады. Бүгінгі қоғамда әсіресе балаларға жасалып жатқан зорлық-зомбылық та көбеймесе, азаймай отыр. «Бала-бауыр етің» демекші, балалардың қауіпсіздігіне ерекше алаңдайтын уақыт келіп тұрғаны көпшілікті алаңдатады. Себебі, жантүршігерлік оқиғалардың орын алуы адам бойына қорқыныш ұялатады. Осындай тренингтер балабақшалардан бастап, мектеп оқушылары арасында тіпті күнделікті өткізілсе де артық етпейді. Бұл шаралар барысында балалар бейтаныс адамдардан өзін қалай қорғауды, келеңсіз жағдайға тап болмас үшін не істеу керектігін үйренетін болады.
Қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы ортақ ұстанымды қалыптастыру, әр адамның қауіпсіздігін қорғау және көмекке мұқтаж жандарға қолдау бар екендігін жеткізу мақсатында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы аясында Ақтөбе облысының Отбасын қолдау орталықтары Батыс Қазақстан облысынан челлендж қабылдап, оны Қостанай облысына жолдаған болатын.
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы қазіргі кездегі мейірім азайған қатал қоғамда өте қажет шара деп білеміз. Елімізде жалпы кез-келген адамның зорлықсыз, еш қорлық көрмей өмір сүруіне толық құқығы бар. Акцияның мақсаты орындалып, жылдан-жылға қатыгездік азайсын деген тілегіміз бар.
Марал Сандыбай