Балалар күлкісі – қоғамның бақыты

«AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Алға ауданында жүрекке жылу сыйлаған игі бастама жүзеге асты. «Балаларға қуаныш сыйла» атауымен өткен жаңажылдық іс-шаралар «AMANAT» партиясы Алға аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарында кең көлемде ұйымдастырылып, жас ұрпаққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жаңа жыл – әр баланың жүрегінде үміт пен ғажайыпқа сенім ұялататын ерекше мейрам. Осыны басты назарға алған партия мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының белсенділері әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына айрықша көңіл бөліп, мерекелік шараларды мазмұнды әрі әсерлі форматта өткізді. Әсем безендірілген залдар, ертегі кейіпкерлері, ән мен би, ойын-сауық бағдарламалары балалардың шат күлкісіне толы болды.

Іс-шара барысында бүлдіршіндерге тәттілер мен жаңажылдық сыйлықтар табысталып, олардың жүздерінен шынайы қуаныш пен риясыз ризашылықты байқауға болды. Бұл – жай ғана сыйлық емес, бала жүрегіне жол тапқан мейірім мен қамқорлықтың белгісі екені анық.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Балаларға қуаныш сыйла» акциясының басты мақсаты – әр баланың өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуіне мүмкіндік беру, отбасылық құндылықтарды нығайту және балалардың жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуына жағдай жасау. Бұл бастама «AMANAT» партиясының әлеуметтік жауапкершілікті басты орынға қоятын бағытының нақты көрінісі болды.

Алғалықтар игі істі жүзеге асыруға атсалысқан партия белсенділеріне алғыстарын білдіріп, мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдерін жеткізді.

Баланың күлкісі – елдің ертеңі. Ал сол күлкіні көбейту – қоғам болып атқаратын ортақ міндет. «AMANAT» партиясының Алға ауданындағы бастамалары осы асыл мұратқа қызмет етіп келеді.