Ауданымызда спортқа аса бір қызығушылықпен қатысатын жас жеткіншектердің қатары артып келеді. Қол жеткізіп жатқан жетістіктері Алға ауданы спорт саласына қосылған зор үлес деп білеміз. Сондай талантты спортшыларымыздың бірі, жас футболшы Орынбасаров Арнат Әнуарұлы аудан әкімдігінің жыл қорытындысы бойынша «Үздік спортшы — 2025» атанды.

Жас теңбіл доп шебері Арнат Орынбасаров 2011 жылдың 27 қазанында Алға қаласында туған. №3 Алға қазақ орта мектебінің 8 сынып оқушысы. Футболға қатысып келе жатқанына биыл 6-шы жыл. Футбол ойынының әр сәтінен өзіне ерекше күш-қуат алатын жас спортшы күні бүгінге дейін көптеген жетістіктерге жетіп үлгерген. Арнаттың футболға деген қызығушылығын оятып, бойындағы қабілетін байқаған, оның жеңісіне сене білген жаттықтырушысы Мұқатай Бағдат Гайдарұлының еңбегі ұшан-теңіз. Ол 2017 жылдан бері Алға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан балаларды жаттықтырып келеді. Кәсіби жаттықтырушының шәкірттері Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері, Халықаралық туринрлер жеңімпазы, Республикалық турнирлер жеңімпаздары атанған.
2025 жылы Арнаттың жұлдызы жанып, көптеген жарыстардан жүлдемен оралып, жылды табысты аяқтады. Жыл бойы спорттағы жауапкершілігі мен үздіксіз ізденісі, көрсеткен нәтижелері, салауатты өмір салтын насихаттауда қосқан үлесі бағаланып, 2025 жылдың Үздік спортшысы атанды.
Жас спортшының жетістіктеріне тоқтала кетсек, еліміздің облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының 2011 жылы туған жасөспірім құрама командалары арасындағы футболдан Қазақстан Республикасының Чемпионатында І орын алып, Қазақстанның Футбол Федерациясының Президенті М.Т.Омаровтың атынан дипломмен, футболдан 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Валерий Крольды еске алуға арналған ХІ республикалық турнирінде «Үздік жартылай қорғаушы» атанып, футболдан ОМБЖОРСМ директорының міндетін атқарушы К.Есенованың атынан дипломмен марапатталып, Тараз, Ташкент қалаларында өткен чемпионаттарда І орын, Түркістандағы жарыстан ІІ орынға ие болған. Сонымен қатар Арнат өзі оқитын мектебі атынан жарыстарға қатысып, қатарынан І орынға ие болып, облысқа жолдама алып командамен ІІІ орын алған.


« — Футбол ойнау маған өте ұнайды. Осы спортқа келіп, жеңістерге жетуіме себепкер болған жаттықтырушым Бағдат Гайдарұлына алғысым шексіз. Болашақта Қазақстанның атын шығарып, өзімді дамытып, басқа елдерде ойнағым келеді. Мен өз жаттықтырушым Бағдат ағайымды және қазақстандық «Қайрат» кәсіби футбол клубының үздік ойыншысы Дастан Сатпаеты үлгі тұтамын. Футболда шынайы жетістік тек еңбектеніп, жаттығуды тұрақты түрде жасау арқылы келеді. Арманыңнан бас тартпай, командаңмен бірге ойнауды үйреніп, әр сәттен сабақ алу керектігін айтқым келеді. Денсаулығыңа да қамқор болып, білімді де қатар алып жүрген жөн деп санаймын. » — деген болатын үздік спортшы Арнат.
Арнат өзіне үнемі қолдау білдіретін жылулыққа толы отбасында тәрбиеленіп келеді. Ол отбасында ортаншы бала, үлкен апасы және қарындасы бар. Әкесі Әнуар Орынбасаров Ресейде технологиялық құбырлар монтажнигі, ал анасы Әйгерім Орынбасарова Алға аудандық «Мансап» орталығының кеңесшісі болып жұмыс жасайды. Ата — анасы ұлы Арнаттың жетістігін мақтан етіп, келешегінен зор үміт күтеді. Көзінде от, жүрегінде асқақ арманға деген ниеті бар талантты спортшы Арнаттың қанатының талмауын тілеп, еліміздің және әлемдік деңгейдегі футбол спортының жарық жұлдызы болсын демекпіз.
Марал САНДЫБАЙ