Елімізде ауыл мектептерінде білім алған оқушыларды бәсекелестікте білімдерін сынау мақсатында 2023 жылдан бері Ауыл олимпиадасы өткізілуде. 2025 жылдың 25-29 қараша күндері Астана қаласында Ауыл мектептерінің оқушылары арасында өткен ІІІ Республикалық олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 475 оқушы финалға қатысып, оның 200-і жеңімпаз атанды. Білім бәйгесінде оза шапқандарға 36 алтын, 66 күміс және 98 қола медаль берілді. Осы жүйріктердің қатарынан Алға ауданы, Бестамақ ауылының тұрғыны, Есет батыр атындағы мектеп-бақшасының 11 сынып оқушысы Әмина Арслан да табылды. Әмина география пәні бойынша жүлделі ІІІ орынға ие болып, ауданымыздың мәртебесін бір көтеріп тастады.

Апта басында Алға ауданы білім бөлімінің басшысы Құдайбергенов Дабылбек Ниязбекұлы олимпиада жеңімпазы Әмина Арсланды жеке қабылдап, марапатын ұсынып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Әминаның жеңісі ауданымыздың білім саласына қосылған үлкен жетістік екендігін айта отырып, болашақ түлекке сәттілік тіледі.

Әмина – білімге құштар, ізденуді жаны сүйетін оқушы. Бойындағы осы қасиеті оны республикалық деңгейдегі додаға қатысуына бірден-бір себепші болған. Осы уақытқа дейін аудандық, облыстық деңгейдегі олимпиадаларға  қатысып, жүлдемен оралған.  Бұл  туралы жетекшісі Байманова Набира Тажиевна толығырақ айтқан болатын.

« — Әмина – өте алғыр, танып-білуге ұмтылып тұратын ерекше оқушыларымның бірі. Ол ешқашан «мен білмеймін» деген сөзді айтпайды. Оның маған ұнайтын қасиеті білмеген нәрсесін міндетті түрде іздеп тауып алатыны және түсінбеген жерін сұрап алатын қасиеті. Сонымен қатар Әминаның сөздік қоры өте бай, өзінің ойын әдемі жеткізе біледі. Бұл шәкіртім тек осы география пәнінен ғана емес, басқа да пәндерден олимпиадаларға қатысып жүлделі орындар алып жүрген жан-жақты оқушы. Көп тыңдап, аз сөйлейтін, әр тапсырылған тапсырмаға тиянақтылықпен қарайтын Әмина шәкіртімнің болашағынан зор үміт күтемін.  Ауыл олимпиадасында республикамыздың түкпір-түкпірінен келген жүйріктермен  бақ сынасып, үздіксіз дайындықтың және білімділіктің арқасында биік жетістікке жетіп отырғаны қуантады. Әминаға ақ жол, білім жолында жеңістер, асқақ армандарының орындалуын тілеймін.»деп ұстаз шәкіртіне лебізін білдірді.

Набира Тажиевна – Есет батыр атындағы мектеп-бақшасының география пәнінің мұғалімі. Білім беретін пәні бойынша оқушыларға түрлі әдіс-тәсілдер арқылы сабақ жүргізуден жалықпайтын өз ісінің маманы деуге әбден болады. Себебі, ол шәкірттерін үнемі табандылық пен еңбек адам баласын биік жетістіктерге жетелейтіндігіне үйретіп отырады. Ұстаз тек пән бойынша берілген оқулықпен шектеліп қана қоймай, география пәні бойынша қандай да бір жаңа оқулық шыққанын көрсе ойланбастан сатып алып, өзі де көп ізденетіндігін айтты. Көптеген шәкірттері білім жарыстарына қатысып, топ жарып келеді.

Әмина бүгінде ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде екендігін, әрбір уақыт бағалы екендігін жеткізді. Мектеп қабырғасын аяқтағалы отырған Әмина Арслан география-математика комбинациясы бойынша қаржыгер мамандығын таңдап қойған.

Әмина Арслан: « — Басында бұл олимпиадаға уақыт тапшы болғандықтан қатысу ойда болмады. Бұған дейін де география пәні бойынша аудандық олимпиадаларға қатысып, жүлдемен оралдым. Олимпиадаға қатысқан кезде Астанаға жолдама алатынымды сездім, бірақ іштей 1 апта уақытым кетіп қалады деп те ойладым. Бірақ жетекшім Набира апайыммен ақылдасып, баратын болып шешкендіктен алдыма тек жүлдемен оралуым керек деген мақсат қойдым. Себебі, тек менің Алға ауданынан жаратылыстану бағыты бойынша осы олимпиадаға бара жатқаным маған үлкен мотивация болды. Басқа аудандарды қарасам  1-2 оқушыдан, сол себепті барлық үміт менде екенін ұғындым. Мен өз қатарластарыма уақытты бос өткізбей, тек зейінді оқуға  қойыңдар дер едім.» — деді.

Аудан намысын қорғап келген Әминаны жеңісімен шын жүректен құттықтап, келешекте ел үмітін ақтайтын асыл азаматшалардың бірі болуын тілейміз. Кемел келешектің иесі болсын демекпіз.

Марал САНДЫБАЙ