Президенттің Конституция мәтініндегі қателерді түзету және преамбуланы қайта жазу туралы бастамасы орынды әрі уақтылы деп ойлаймын. Ата заң — елдің құқықтық негізі ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысымызды айқындайтын құжат. Сондықтан ондағы терминологиялық және стильдік олқылықтарды жою, тіл мамандарын тарту — сапалы әрі сауатты мәтін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Конституция преамбуласында қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тарихының көрініс табуы маңызды. Бұл — жас ұрпаққа тарихи сабақтастықты ұғындырып, ұлттық құндылықтарды нығайтатын қадам. «Әділетті Қазақстан» қағидатын Ата заңға енгізу де қоғамның әділдікке, жауапкершілікке және бірлікке ұмтылысын айқындайды.

Мұндай өзгерістер Конституцияның мазмұнын байытып қана қоймай, елдің рухани негізін күшейтуге қызмет етеді деп сенемін. Ең бастысы — бұл жұмыс ашық түрде жүргізіліп, халықтың сенімі мен қолдауына ие болса екен.

Л.Иманбаева
Кітапхана қызметкері