Абай-180
Абайды зерттеп болған жоқпыз
…Абайды қазақ әдебиетіндегі мұхит десек, кез келген сыры түгел ашылмаған мұхит тәрізді, АБАЙ әлемінің де зерттелмеген, айтылмаған тұстары көп. Абай шығармашылығы, қара сөздері, өлеңдері, дастандары, аудармалары, философиясы, әндері, тіпті, жақында табылған күйлері туралы да деректер баршылық. Ал сол хакім Абайдың ұрпақтары туралы не білеміз? Балалары мен немерелері ғана емес, қазіргі шөбере-шөпшектері жайлы. Білгіміз келді, білгенімізді мәртебелі оқырманмен де бөлісуді жөн санадық.
…Қазақ қоғамында «бәйбіше», «тоқал» институтының болғаны белгілі, алайда хакім Абай әйелдерін олай бөле- жармапты дейді тарих. Содан да болар, балалары мен немерелері тек әкелік тараумен балаларын ертіп жүргенге ұқсайды, себебі-естеліктер. Бүгінге жеткен естеліктерде Ділдә мен Әйгерімнен туған балалардан тараған немере-шөбере, шөпшектерге дейін «Абайдың ұрпағымыз» деген статусқа ие.
Рас,ешкімді аямаған «тәркілеу, айдалу, атылу» зобалаңына ұшыраған ұрпақтары да бар. Одан беріректегі Отан соғысына қатысып оққа ұшқан, хабарсыз кеткен Абай ұрпағының қазір белгілісі-тоғыз адам. Олар: Ғабдісәлем, Әлихан,Берекехан, Жошыхан, Енғам, Алпаш, Ғұзайр, Әлішер, Тоқташ. Мақала барысында кімнің кім екеніне тоқталатын боламыз.
Көбіне Абай тәрбиесінде болған інісі Ысқақтың балаларын да ақынға телитін жаңсақтық та қате түсінікке апарып жүр.
Абай балаға да, бауырға да кенде болмаған, «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жайым жоқ» деп ақын өзі айтқандай, балалары да баршылық.Сонымен бізге белгілілеріне тоқталайық.
Абайдың бәйбішесі Ділдә Жүсіпқызынан (1844-1929) төрт ұл, екі қыз тарайды:Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахмен, Мағауия, Райхан, Күлбадан. Қарапайым оқырманға көбірек танысы- Әбдірахмен мен Мағауия. Алайда бүгінгі көзі тірі ұрпақтары Ақылбайдан тарайды. Әдетте, қыздан туған баланы сәл шеттеу көретін қазақ Абайдың қыздарының тұрмысқа шыққан жерін айтады, ал олардан тараған ұрпақ көп айтылмайды, сондықтан ақын балалары мен немерелері көбірек зерттелген де, жиен-жиеншарларды түгендеу абайтанушылар үлесіне қалып тұр.
Сонымен Ақылбай Абайұлынан -Әлімқұл,Әубәкір,Исраил, Пәкизат, Сағадат, Рухия туады. Үлкен ұлы Әлімқұлға көбірек тоқталатын себебіміз- қазіргі көзі тірі ұрпағы осы Әлімқұлдан тарайды, саралап айтар болсақ-Әлімқұлдан Бағафур, Тайыр, Шәбеп атты ұлдар мен Ғазиза, Зәбіш, Қауаш атты қыздар өмірге келеді. Үлкені Бағафурдан Эрнест, Бауер, Айдар туады да, кенже ұл Айдардан туған Данияр хакім Абайдың көзі тірі тікелей ұрпағы.
Данияр Ақылбаев Санкт-Петербургтан Теңіз институтын бітірген білікті маман. Көп жыл Ақтауда тұрып, теңіз саласында қызмет атқарған, қазір Алматыда тұрады. Ол өзінің естелігінде атасы Бағафурдан ұлы бабасы туралы көп естігенін, атасы өзіне де, өзінің әкесі Әлімқұлға да жазбай арғы атасы Ақылбайға Даниярды арнайы тектегенін айтады.
Абайдың Ділдадан тараған ұрпақтарына кеңірек тоқталатын боламыз, енді Әйгерімнен туған балаларын тарақтайық.
Абайдың Әйгерімнен туған үш ұл, бір қызы болған. Олар-Тұрағұл, Мекаил, Ізкаил және қызы Кенжеш. Абайдың бұл балаларының ішінде бізге көбірек танысы -Тұрағұл, оның себебі ақынның бізге жеткен суреттерінде бар және әкесінің еңбектерінің жарық көруіне алғаш мұрындық болған да осы баласы.
Ол немере ағасы Кәкітай Ысқақұлымен бірлесіп, 1909 жылы Санкт-Петербургте Абайдың алғашқы жыр жинағын бастырып шығарған.
Сондай-ақ Тұрағұл Семейдегі Алаш қозғалысына белсене араласқан. Соның себебінен 1922 жылы сотталып кетеді. Түрмеден шыққан соң Ақшоқыға келіп шығармашылықпен айналысады. Ол М.Горькийдің атақты «Челкашын» тәржімалап, 1925 жылы «Таң» журналында жарық көреді. Сондай-ақ, А.Нефедовтың «Я хочу жить» деген шығармасын да қазақша сөйлеткен Тұрағұл Абайұлы.
1927-28 жылдары тағы сотталып, түрмеден шыққан соң мал-мүлкі тәркіленіп, өзі Шымкентке жер аударылады. Сол жақта 1934 жылы қайтыс болады, моласы қазіргі қорғасын зауытының астында қалған.
Абайдың мұрасын бүгінге жеткізген тағы бір ұрпағы- Исраил Ақылбайұлы. Ол көп жыл Абайдың Жидебайдағы музейінде қызмет жасап, сонда домбыра оркестрін құрып, көптеген шәкірт тәрбиелеген. Бізге бертінде ғана жеткен ұлы ақынның «Май түні» деген күйін жеткізген осы Исраил немересі.
Сонымен Абайдың ұлдан тараған тікелей ұрпақтарынан көзі тірісі-Данияр Ақылбаевпен тоқтап тұр.
…Абайдың 150 жылдық мерейтойында бастары қосылған ұрпақтарының айтуынша, Құнанбай әулеті қуғынға ұшырап, нөсер астында қалған қозыдай бытырап кеткен. Тіпті өздерінің Құнанбай, Абай ұрпақтары екенін білмейтін де шөбере-шөпшектері болуы да әбден мүмкін, себебі, кешегі зұлмат заманда ол есімді айтуға қорқатын ұрпақ өсіп шықты, кейінгі ұрпақтарының Абайдың тілін білмей, орыстанып кетуі де сол қасіретке байланысты болса керек.
Енді мақаламыздың басында айтып өткен хакім Абайдың екінші дүниежүзілік соғыста өлген ұрпақтарына тоқталып, кімнің кім екенін сараптайық.
Құзайыр мен Әлішер- Абайдың Әйгерімнен туған баласы Микаелдің ұлдары, Абайдың немерелері Әлішер 1942 жылы, Құзайыр 1945 жылы майданда өлген.
Тоқташ — Абайдың Әйгерімнен туған ұлы Ізкәйілдің баласы, Абайдың немересі, 1943 жылы майданда қайтыс болған.
Жошыхан- Абайдың Ділдәдан туған баласы Мағауияның баласы Жағыпардан туған. Абайдың шөбересі. 1943 жылы Харьковті азат ету ұрысында оққа ұшқан.
Әлихан мен Ғабдісәлем-Абайдың Ділдәдан туған ұлы Ақылбайдың Әубәкірінің ұлы, Абайдың шөбересі.
…Кітап ақтарып, ғаламтор шарлағандағы қолға түскен деректер легі-осындай. Абай ақын ретінде әлі толық зерттеліп болған жоқ, Абайтану ғылымы ақын ұрпақтарына ден қойып, ұлы Абайдың генеалогиялық шежіресін жасақтайды деп үміттенейік…
Түйін: Абай өміріне ден қойғанда, біраз адам Тоғжанды Абайдың әйелі деп ойлайтынына көз жеткіздік. Абайда үш қана неке болған:
Ділда, Әйгерім, әмеңгерлік жолмен алған інісі Оспанның әйелі Еркежан.
Ал Тоғжан-Абайдың алғашқы махаббаты. Белгісіз себептермен әкесі Құнанбай Тоғжанмен бас қосуына қарсы болған. Алайда Тоғжан-Абайдың көптеген лирикасының, әндерінің кейіпкері, қазіргі тілмен айтсақ, Музасы болып өмірлік қалды.
Ұлы ақынның тойы басталып та кетті, тамызда халықаралық шара өтіледі деп күтілуде. Абай-Тоғжан тақырыбына біз де оралатын боламыз…
Шара Елеусіз,
ардагер журналист