Адал еңбек – бақыт кілті
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елімізде көптеген маңызды іс-шаралар атқарылып, аталмыш мамандық иелерінің қоғамда алатын орны насихатталуда. Осындай игі істің жалғасы ретінде Алға қаласының тұрғыны, жұмысшы мамандық иесі Кенжебаев Мұхит Шалабайұлы туралы айтпақпыз.
Мұхит Шалабайұлы 1968 жылы 16 қаңтарда Қарақалпақстан Республикасы, Нөкіс қаласында дүниеге келген. 1985 жылы Нөкіс қаласындағы В.Маяковский атындағы орта мектепті бітіріп, 1986-1987 Кеңес әскері қатарында Моңғолия елінде болып, кіші сержант қызметін атқарды.
«Еңбек бәрін жеңбек» деген өмірлік ұстанымды басшылыққа алған Мұхит Шалабайұлы отбасына да үлкен жауапкершілікпен қарайтын, балаларының тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін жандардың бірі. Жан-жағындағы адамдар көмек сұраса ешқашан «жоқ» деп айтуды білмейтін, жақсылықты көрсетпей, үндемей жасай салатын мейірімді жанның бірі. Мұхит ағайдың ерекше қасиеттері туралы өмірлік жары Марал апай да айтқан болатын:
— Балаларымның асқар тау әкесі, отбасымыздың тірегі қандай қиындық болса да мойымайтын, келеңсіздік бола қалса жеңіл түрде шеше білетін, жүрегі таза, адал адам. Бала тәрбиесінде де адами қасиетке көп мән береді. Қашан да адал еңбек етуді бірінші орынға қойғанды ұнатады. Мінезі өте салмақты, сөйлеген сөзіне де көп мән беріп отырады. Жолдасымның қолынан көп нәрсе келеді, шебер. Атақ, мансап, марапат, дәулет деген өмірлік құндылықтарға қызыққан емес. Әрбір күніне шүкіршілік етуден жалықпаған өмірлік жолдасым балаларыма үлгілі әке, отбасымызға әрқашан қорған болғаны жүрекке тыныштық сыйлайды. Үш қыз, бір ұл бала тәрбиелеп, бүгінде жемісін теңдей көрудеміз. Балаларымыздың барлығы жоғары білімді. Екі қызымыз тұрмыста, жиен немерелеріміз бар. Біздер үшін ең басты байлық – сол, — деп сөзін аяқтады.
Қазіргі кезде Мұхит Кенжебаев «Алға қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде күзетші болып жұмыс жасауда. Бос уақытында жылқы жануарына мініп шапқанды, жалпы баптап күткенді ұнатады. Көп жағдайда уақытын жылқымен өткізгенде демалып, күш-қуат жинайтындығын да жеткізді. Жетістікке жетудің үш ережесі: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелер күткеннен азға үміт ету деген нақыл сөзге сүйенсек, бүгінгі кейіпкеріміз өмірдің мәнін таза еңбектен тапқан бақытты адам екенін байқауға болады.
Марал САНДЫБАЙ