«Әділетті Қазақстан» – жаңа дәуірдің берік тұғыры

Жаңа Конституция жобасының преамбуласында Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан» құру идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттарының айқын көрініс табуын толық қолдаймын. Бұл бастамалар – қоғам дамуының жаңа сапалық кезеңіне бастайтын стратегиялық бағдар.

«Әділетті Қазақстан» ұстанымы азаматтардың тең мүмкіндіктерге ие болуын, заң алдындағы жауапкершіліктің бірдей болуын және мемлекеттік шешімдердің ашық әрі әділ қабылдануын көздейді. Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық тұрақтылықтың, қауіпсіздік пен сенімнің басты кепілі ретінде айрықша маңызға ие.

Аталған құндылықтардың преамбулада бекітілуі – тек саяси ұстаным ғана емес, мемлекетті басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Бұл қоғамда заңға деген құрметті арттырып, әділдікке деген сенімді нығайтады әрі әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.

Сондықтан бұл бастамалар еліміздің тұрақты дамуына, бірлігі мен тұтастығына қызмет ететін берік іргетас болады деп сенемін.

Айжан Арманқызы,

кәсіпкер