Ән көгінің сұңқары – Шәмші
Алға өңірінде мәдениет пен руханиятқа ерекше серпін берген айтулы кеш өтті. Орталықтағы «Ана мен бала» саябағында «Ән көгінің сұңқары – Шәмші» атты тағылымды шара ұйымдастырылды. Бұл кеш — қазақтың ән өнерінің алыбы, жүректерге шуақ сыйлаған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың мәңгі өлмес мұрасына деген халықтық құрметтің тағы бір айғағы болды.
Шәмші әндері қазақтың ғана емес, Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің де жүрегіне жол тапқаны баршамызға мәлім. «Қазақ вальсінің королі» атанған композитордың туындылары той-томалақтың төрінде, мерекелік сахнаның сәнінде, ауыл-ауылдың қоңыр үйлерінде әуелеп, елдің жан серігіне айналып келеді.
Кеш барысында сазгердің тағдырлы ғұмыры мен шығармашылық жолынан сыр шертілді. Оның «Сыған серенадасы», «Әнім сен едің», «Шынарым», «Қайықта», «Арыс жағасында» сынды әндері көрерменге жол тартып, сахнаның сәнін кіргізді. Ән падишасының әрбір туындысы – нәзік сезімнің, асқақ арманның, ұлттық рухтың әуезді айғағы екенін тағы да дәлелдеді.
Жергілікті өнерпаздар Шәмші әндерін жүрекпен орындап, көрерменді өткен ғасырдың естелігіне жетелегендей болды. Бұл кештің тағы бір ерекшелігі — композитордың Ақтөбе өңірімен байланысы да айшықтала түсті. Белгілі болғандай, Шәмшінің жеңгесі Жәмила апай осы жақтың қызы екен. Демек, ұлы сазгердің шығармашылық ізі біздің топыраққа да жақын.
Кеш соңында көрермендерге Ізтай Мәмбетовтің сөзіне жазылған «Күлімдеген қара көздер қалалық» әні тарту етілді. Әуезді әуеннің үнімен бірге Шәмшінің рухына тағзым еткен халықтың ықыласы айқын сезілді.
Шәмші Қалдаяқов – қазақ халқының жүрегінен мәңгілік ойып орын алған тұлға. Оның мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елдің рухани қазынасын байыта бермек.
Жұмагүл САГИМБАЕВА