ALGA RUN MARATHON 2025

21 мамыр күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қала тұрғындары арасында марафон өткізілді.

Аталмыш марафонға медициналық қарсы көрсетілімі жоқ 16-35, 36-45, 45-50 және 50 жастан асқан 100-ге жуық Алға қаласының тұрғындары қатысып, белсенділік танытты. Сағат 9.00-де марафоншыларды тіркеу басталып, әрбіреуіне жеке нөмірлері берілді. Таңмен таласа спорттық киім киген марафоншылардың жүгіру бағыты «Назран» сауда үйі – АКРОСПИЩПРОМ – АИТК колледжі алды – Жаңа трасса – Тұрғын үй алабы (Жилой массив) – Алға мектеп гимназиясы – А.Байтұрсынов көшесі – «Назран» сауда үйі болып белгіленді. Жүгіру қашықтығы – 3000 м (3 км). Қалаішілік жолдардың жарты бөлігі уақытша тоқтатылып, спортшыларымызға барлық жағдай жасалды. Ұйымдастырушылар тарапынан жүгіріп келген марафоншыларға таза ауыз суы беріліп, барлық қатысушыларға арнайы жасалған алтын, күміс, қола түстес бірдей медальдар тағылды.

Қатысушыларды марапаттау рәсімінде алғашқы сөз легін бастаған Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Баймұрат Махамбетұлы:

— Құрметті спортшылар, әріптестер, қонақтар және бүгінгі шарамыздың демеушілері! Бұл шара ең алдымен тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, сонымен қатар биылғы жылдың атаулы даталарына орайластырып ұйымдастырылған болатын. Келесі жүгіру марафоны күзде өтеді деп жоспарлануда. Барлық тұрғындарды дәл бүгінгідей белсенді болып, қатысуға шақырамыз! Спорт – бұл денсаулық кепілі, сондықтан да осындай шараларға жиі қатысып тұру өте маңызды деп санаймын. Спортымыз жасай берсін, барлықтарыңызға денсаулық, сәттілік тілеймін! — деп өз лебізін білдірді.

Марапаттау рәсімі барысында жүгіру марафонының демеушілері, яғни қаламыздың бір топ кәсіпкерлері аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиевтің атынан Алғыс хатпен марапатталды. Марафон демеушілері – «Энергосистема» ЖШС Алға аудандық филиалының басшысы Жандос Берікұлы, «Көктем» құрылыс дүкенінің иесі Кенжебек Әжігерейұлы, «Ғылым» дүкенінің иесі Әділбек Ділметов, «ДАМУ» балаларды түзете-дамыту орталығының басшысы Уния Қалабайқызы, «HALYK BANK» АҚ Алға аудандық филиалы, «ESENTAI» сауда үйі, «HASSAQ» отбасылық мейрамхана ұжымдары. Әртүрлі жас категориясы бойынша жүлделі орын алған қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталып, естелік сыйлықтары табысталды.

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ