Алға аудандық мәслихатының кезекті сессиясы
Алға аудандық мәслихаттың кезекті XXXV сессиясы өтті. Жиынға халық қалаулылары, аудан басшылығы мен жауапты бөлімдердің жетекшілері қатысты. Күн тәртібіне енгізілген мәселелер – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін өзекті бағыттар.
Сессия жұмысының алғашқы бөлігінде аудан әкімі А.Шүйіншалиев өзінің есепті баяндамасын жасады. Әкімнің айтуынша, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында Алға ауданы экономикасының дамуында оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында өсім байқалып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту да назардан тыс қалмаған.
Келесі кезекте аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің міндетін атқарушы С.Байтакова сөз сөйлеп, 2025-2027 жылдарға арналған аудан бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесін талқылауға ұсынды. Бюджет – халық игілігіне жұмсалатын басты қаржы көзі. Сондықтан депутаттар бұл мәселені мұқият қарап, тиісті шешім қабылдады.
Алға ауданы үшін өзекті бағыттардың бірі – экология мен тазалық. Осы ретте аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Үсенғалиев коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны таныстырды. Бұл бағдарлама – қоршаған ортаны қорғау мен тұрмыстық қалдықтарды жүйелі түрде кәдеге жаратуға мүмкіндік береді.
Сессияда әлеуметтік саладағы қызметкерлердің еңбегін ынталандыру мәселесі де көтерілді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Жексембаева жастар ресурстық орталығы қызметкерлеріне 30 пайыздық, ал дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталық мамандарына 50 пайыздық үстемақы белгілеу туралы ұсынысын жеткізді. Депутаттар бұл бастамаларды қолдап, тиісті шешім қабылдады.
Сонымен қатар, сессияда сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Бұл жөнінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Ажигулов баяндама жасап, ұсыныстарын депутаттардың назарына ұсынды.
Алға аудандық мәслихатының кезекті сессиясында қабылданған шешімдердің барлығы – аудан өмірінің өзекті салаларын қамтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Әлеуметтік қолдау, экологиялық қауіпсіздік, жастарға жағдай жасау, дін саласында түсіндіру жұмыстарын күшейту сынды мәселелердің назарда болуы – жергілікті биліктің халық мүддесіне жұмыс істеп отырғанының айғағы. Ең бастысы, қабылданған әрбір шешім – ауданның ертеңгі тұрақты дамуы мен бүгінгі тұрғындардың тыныс-тіршілігін жақсартуға қызмет етеді.
Мадина ТАЖИБЕКОВА