Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаровтың бекітілген жоспарына сәйкес Алға ауданында ауылшаруашылық тауар өндірушілермен кездесу өтті. Жиынға Ақтөбе облысының салалық басқарма басшылары, қаржы институттарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Кездесуде өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға кедергі келтіретін түйткілді мәселелер мен олардың шешу жолдары талқыланды.
Жиынға қатысушылар қатарында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев, Ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай, Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев, Жер қатынастары басқармасы басшысының м.а. Әдіблбек Кабидуллин, Ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Кеңес Қанатбаев, Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Асылхан Әбтиев, Жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы Нұржан Жауғаншин, «КазАгроҚаржы» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Асхат Оңдағанов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Нұрсұлу Қазбекова, Ақтөбе облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов және «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарушы директоры Ақгүл Әкімжанова болды.
Негізгі мәселелер мен ұсыныстар
Жиында көтерілген басты мәселелердің бірі – игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Аудан басшысы Асланбек Серікұлы бұл бағытта арнайы комиссия құрылып, аудандағы барлық тіркелген шаруашылықтар жіті тексерілетінін жеткізді. «Жер жыл сайын жұмыс жасауы керек, нысаналы түрде пайдаланылуы тиіс», – деді ол.
Кәсіпкерлер егін шаруашылығымен айналысатын азаматтарға еркін жайылып жүрген жылқылардың кесірін тигізіп жатқанын алға тартты. Бұл мәселені шешуде учаскелік полиция қызметкерлерінің назарын аудару қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, жиында несие алудағы қиындықтар да қозғалды. Кәсіпкерлер кепілзаттың (залог) жетіспеушілігі мен аграрлық техниканы сатып алу кезінде кездесетін қаржылық ауыртпалықтарға шағымданды. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы техника сатып алу кезінде бастапқы құнына 15 пайыз қосылатыны, сондай-ақ, АГК жұмысы, СПК арқылы алынатын техниканың 50 пайызының қайтарылмауы көпшіліктің наразылығын тудырды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Нұрсұлу Қазбекова несие беру талаптарын жеңілдету және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету жолдары қарастырылып жатқанын айтты.
Жалған ақпаратпен мал басын көбейткендер тексерілмек
Кездесуде маңызды тақырыптардың бірі – жалған ақпарат арқылы мал басын көбейтіп көрсетіп, мемлекеттен субсидия алып отырған шаруашылықтар мәселесі болды. Бұл жағдай саладағы әділетсіздікті күшейтіп, нағыз еңбек етіп отырған шаруаларға зиянын тигізуде. Осыған байланысты аудан басшысы арнайы комиссия құрып, шаруашылықтарды толық тексеріп шығатынын мәлімдеді. Барлық жұмыстар заң аясында жүргізілетін болады.
Ауыл шаруашылығын дамыту – аудан экономикасының негізі
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі аудан үшін өте өзекті. Кәсіпкерлер көктемгі дала жұмыстарына кіріспесе, бұл алдағы уақытта азық-түлік бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін. Қазірдің өзінде ет пен картоптың бағасы күрт қымбаттағаны байқалады. Осы орайда жиынға қатысушылар аудан экономикасын нығайту үшін бірлесіп шешім қабылдау қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша жұмыс тобы көтерілген мәселелерді облыстық деңгейде қарастырып, тиісті шараларды қабылдайтынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы – ауданның негізгі экономикалық саласы болғандықтан, оны қолдау және дамыту бойынша жұмыстар жалғасын таппақ.
Мадина ТАЖИБЕКОВА