Алға ауданында жұмысшы мамандарға құрмет көрсетілді

«AMANAT» партиясының Алға аудандық филиалы «Еңбек адамы – елдің құты» атты шара өткізіп, жұмысшы мамандардың еңбегін дәріптеді. Іс-шараға «Алға-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны мен «Энергосистема» мекемесінің жұмысшылары қатысты.

Кездесу барысында еңбек адамдарының қоғамдағы рөлі, адал еңбектің қадірі және жұмысшы мамандықтарының маңызы кеңінен сөз болды. Қатысушылар жастармен жүздесіп, өздерінің еңбек жолы, мамандық таңдаудағы тәжірибесімен бөлісті.

Шара барысында сөз алған Нұрлан Байденов Алға индустриалдық колледжін тәмамдап, еңбек жолын «Алға-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында қарапайым жұмысшы ретінде бастағанын айтты. Бүгінде ол Алға қаласындағы орталық қазандықтың басшысы қызметін атқарады.
Менің ойымша, біз сияқты жұмысшы мамандар ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Қарапайым еңбек иелерінің маңдай тері мен табандылығының арқасында көптеген сала дамып келеді. Мен де ұзақ жылдар бойы қарапайым жұмысшы болып еңбек еттім. Еңбегім еленіп, бағаланды. Бүгінде адал еңбектің қадірі артып, жұмысшы мамандарға деген құрметтің күшейіп келе жатқаны қуантады. Еліміздің өсіп-өркендеуіне титтей де болса үлес қосып келе жатқанымды мақтаныш етемін, – деді ол.

Іс-шара соңында партияның Алға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Динара Кубесова адал еңбегімен өңірдің дамуына үлес қосып жүрген жұмысшы мамандарға алғысын білдіріп, оларға шағын сыйлықтар табыстады. Ол қарапайым еңбек иелерінің табандылығы мен жауапкершілігі кез келген саланың тұрақты дамуы мен ілгерілеуінің негізі екенін атап өтті.