Құрметті алғалықтар!
Сіздерді 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі мен ынтымағы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
1 мамыр мерекесі Қазақстанда бейбіт өмір мен ынтымақты тірлік кешіп отырған барша отандастарымыз үшін достық ниеттің, татулықтың, бірлік пен берекенің мейрамы.
Бірлігі бекем мемлекеттің алар асуымен, шығар шыңы биік болатыны сөзсіз. Ел басына сын сағаттар туып, көктемгі су тасқыны тұтас елімізге қауіп, қатерін төндірген сәттерде, халқымыз бірлік пен ынтымақтастық, татулық пен тұтастықтың үлгісін көрсетті.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзінде «Тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Халықымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Басына қиындық түскен ағайынға бүкіл Қазақстан жұрты көмектесуге жұмылды. Апат аймағында қалған адамдар барша отандастарымыздың шынайы жанашырлығын сезінді» деп атап өтті.
Халықтар достастығы мен ынтымағын көздеген мамыр мерекесі халықтың тамаша дәстүріне, бейбітшілік пен өзара татулықтың символына айналған мерейлі мереке. Алға ауданында да тарихтың әрбір кезеңінде қазақ даласына қоныс аударған, бүгінгі күні Қазақстанды өзінің Отаны деп санайтын 20-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде.
Қадірлі жерлестер!
Түрлі ұлттың тағдырын тоғыстырған, мемлекеттің тұтастығын сақтаған сүйікті отанымыз Қазақстанның ертеңі жарқын болсын. Елімізде тыныштық пен татулық бола берсін. Шаңырақтарыңызға шаттық, әрбір істеріңізге табыс пен береке тілеймін.
Н.Ержанов,
Алға ауданының әкімі