Алға жастары алда
ХХІ «Жасыл ел» еңбек жасағы маусымының жабылу салтанатында Алға аудандық Жастар ресурстық орталығы «Ұйымшыл еңбек жасағы» номинациясына ие болды.
Жастар – жаңашылдықтың қозғаушы күші. Олардың бастамаларына қолдау білдіру кемел келешекке ұмтылған тәуелсіз мемлекеттің міндеті деп білеміз. Ауданымыздың Жастар ресурстық орталығының күні бүгінге дейін жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде. Алға аудандық ЖРО аудан жастарының әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесіп және қолдау көрсетіп келе жатқан мекеме.
«Әлемнің әміршісі-еңбек» демекші, жастарды білім ала жүріп, еңбекке белсенді түрде араласуына бірнеше жылдан бері септігін тигізіп жүрген «Жасыл ел» еңбек жасағы маусымының маңызы өте зор. Жыл сайын бұл еңбек жасағында жұмыс жасауға ниет білдірген жастарымыздың қатары көбейгені қуантады. Және да әр маусым сайын жастарымыздың еңбегі бағаланып, түрлі марапаттарға ие болуда. Салтанатты шарада үздік деп танылған өңірлік топтар марапатталып, маусым бойы атқарған еңбектері үшін арнайы алғыс білдірілді.
Алға аудандық жастар ресурстық орталығы биылғы маусымда жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен тиянақты жұмысының нәтижесінде «Ұйымшыл еңбек жасағы» номинациясына лайық деп танылды. Еңбек маусымының қорытындысы бойынша облыс әкімі А.Шахаровтың атынан Алғыс хат пен сертификат табысталды.
2025 жылғы маусым барысында Алға ауданында 76 жас «Жасыл ел» сапында еңбек етіп, құрылыс және абаттандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Жастар қоғамдық орындарды көгалдандыру, саябақтарды абаттандыру, тазалық жұмыстарын атқару, шағын құрылыс нысандарына көмектесу сияқты игі істерге белсенді атсалысты.
Бұл жетістік — аудан жастарының ынтымағы мен еңбекқорлығының жемісі. Алға аудандық ЖРО осы бастаманы жүзеге асыруға қолдау көрсеткен аудан әкімшілігіне, қоғамдық ұйымдарға, еріктілерге, мердігер мекемелерге және барша жастарға зор алғысын білдіреді.
Ауданымыздың жалынды жастарын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Еліміздің көркеюі жолында атқарған игі істеріне сәттілік, биік белестер тілейміз!
Марал САНДЫБАЙ