Алғада «Әйел және бизнес» форумы өтті
2025 жылғы 29 қазанда елімізде алғаш рет ресми түрде Кәсіпкерлер күні аталып өтті. Бұл үлкен маңызға ие тарихи дата. Осы мереке қарсаңында Алға ауданында өңірдің іскер әйелдерін бір алаңға тоғыстырған маңызды басқосу – «Әйел және бизнес» форумы ұйымдастырылды. Бұл шара әйелдер арасында кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп, бизнестегі жаңа мүмкіндіктерді талқылауға жол ашты.
Форумға аудан әкімінің орынбасары Б.Кангужин, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары, өңірге белгілі кәсіпкерлер Г.Масалимова, Б.Тлегенова, сондай-ақ облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері Б.Алтынова мен Г.Абдулина арнайы қатысып, өз салаларындағы жетістіктері мен өмірлік тәжірибелері туралы мазмұнды пікірлерімен бөлісті. Осы тұста қатысушылардың әрқайсысы кәсіпкерлікті дамыту жолында өз үлесін қосып жүрген тұлғалар екенін атап өткен жөн.
Іс-шара барысында іскер әйелдер бизнесті жүргізудегі өзекті мәселелер мен оларды шешу тетіктерін талқылады. Шикізатқа қолжетімділік, цифрлық сауаттылық, қаржыландыру көздері, нарықтағы бәсекеге бейімделу – бәрі де ортақ мүдде тұрғысынан қарастырылды. Форум қатысушылары өз тәжірибелерін ортаға салу арқылы кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа идеяларға жол ашты.
«Әйел және бизнес» форумы тек пікір алмасу алаңы ғана емес, кәсіп бастауға ниетті әйелдерге мотивация беретін, олардың қоғамдағы рөлін айқындай түсетін маңызды платформаға айналды. Алғалық іскер әйелдер үшін бұл жиын жаңа қадамға, жаңа мақсатқа жетелейтін ерекше мүмкіндік болды.
Осындай кездесулердің жиі ұйымдастырылуы өңір экономикасының дамуына, әсіресе әйелдер кәсіпкерлігінің нығаюына оң ықпал ететіні анық. Алға ауданы бұл бағытта алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Жұмагүл САГИМБАЕВА