Бүгін Алға қаласында ауыл кәсіпкерлерінің еңбегін таныстыру және жергілікті өнімдерді насихаттау мақсатында «Бір ауыл — бір өнім» атты көрме-байқауы ұйымдастырылды.
Көрмеге ауданның 17 кәсіпкері: олардың 10-ы ауылдық округтерден, 7-еуі Алға қаласынан, қатысып, сүт және ет өнімдері, табиғи сабын, қолөнер бұйымдары, жылыжай өнімдері, тоқыма және экологиялық таза тыңайтқыштар сияқты өнімдерін ұсынды. Бұл шара әр кәсіпкердің жеке еңбегін көрсететін платформа болды.
Ауылдық округтерден келген кәсіпкерлер Ақай, Есет батыр, Қарабұлақ, Маржанбұлақ, Сарықобда, Болгарка, Бестамақ, Тоқмансай және Қарақұдық ауылдарының өнімдерін таныстырды. Ал Алға қаласынан келген кәсіпкерлер тағам өнімдері, тоқыма және биогумус өндірісімен айналысады.
Шараға Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиев, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, Іскер әйелдер Кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханова және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Ержан Нұрғалиев қатысты. Олар көрмедегі өнімдермен танысып, кәсіпкерлермен пікір алмасты.

Асланбек Шүйіншалиев өз сөзінде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қаржылық және гранттық қолдаулардың қарастырылып жатқанын атап өтті. Күлпаршын Айдарханова «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасының ауыл кәсіпкерлігін дамытудағы маңызды құрал екенін айтты. Бағдарлама жергілікті өнімдерді брендке айналдырып, жаңа нарықтарға жол ашуға бағытталған.

 

 

 

 

 

Бұл көрме – облыстық байқауға қатысатын үздік жобаларды іріктеу кезеңі болды. Көрме соңында комиссия мүшелері Алға қаласындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
«Бір ауыл — бір өнім» жобасы 2022 жылдан бері іске асуда. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл бағдарлама аясында қажетті шараларды ұйымдастырып тұрады. Жалпы жобаға кез-келген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен іскерлік қабілеті бар тұрғындар қатыса алады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі бар. Нақты бір ауылдан, елді мекеннен бір өзіндік сол жердің шикізатына негізделе отырып, ұлттық ерекшеліктерді, нақышты, сол жердің тарихын, табиғатын баяндайтын, экологиялық таза, органикалық өнімді шығаруға бағытталған жоба.
Бұл шара «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі» күніне орай өтті. Ел бірлігі мен бейбіт тіршілігін дәріптейтін айтулы күнмен орайласқан маңызды көрмені Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы аудан әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

                                     Мадина Тажибекова