Алғашқы жұмыс орны – қашанда ыстық
Жас мамандар университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай жүріп қалатыны белгілі. Өйткені, жұмыс берушілер әдетте тәжірибесі бар кадрларға басымдық береді. Осы орайда, оқу орны түлектерін қолдау мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба арқылы алғашқы жұмыс орнына орналасқандардың бірі Диана Мұратова.
Диана Мұратова Алға қаласының тумасы, №3 қазақ орта мектебінің түлегі. Бүгінде, 2023 жылы Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжіне оқуға түсіп, емдеу ісі мамандығы бойынша білім алып шығады. Ол жұмыс табу қиынға соқпайтынына сенімді еді. Өйткені, бұл мамандықпен жұмысқа тұру үшін мансап орталығы арқылы орналасуға болатынын білген.
- «Оқуымды оқып, дипломымды алып келгеннен кейін, жұмысқа орналасу үшін мансап орталығының мамандарына бардым. Ол жақтан маған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы туралы айтты. Соған сәйкес аудандық ауруханаға жедел жәрдем бөліміне 18 айға жұмысқа жолдама берді», – дейді Диана.
Енді бір айта кететіні, «Алғашқы жұмыс орны» жобасының талабына сәйкес, жұмыс беруші, сондай-ақ, мансап орталығымен жас маманды кем дегенде 2 жылға тұрақты жұмысқа қалдыру жөнінде келісім жасайды. Жаңа және алғашқы жұмыс орнында Диана Жайдарқызы алғашқы көмек көрсетуге жауапты. Ол өз қызметін заман талабына сай деп санайды және бүгінде білімін жетілдіруді жоспарлап жүр. Тәжірибе жинап, мықты маман болатынына сенімді.
- «Оқыған мамандығым бойынша тәжірибем жоқ болса да, оқудан алған білімім жетерлік. Егер мансап орталығы қарайласпаса, қалай болатынын білмеймін, ұзақ уақыт жұмыс іздеп сабылар ма едім? Айым оңынан туып, алғашқы жұмысым күткенімнен барлық жағынан асып түсті. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, жарқын болашақ іргетасын қалауға кірісіп кеттім», – дейді Диана.
Сөз арасында Диана 2 күн ішінде аудандық ауруханаға жұмысқа тұрғанын айта кетті. Осы жұмысқа орналасу бала кезіндегі армандарының бірі болатын. Жас маман бұл жерде оған тәжірибе жинауға, күрделі дүниелерді меңгеруге, өз мамандығын жеті меңгеруге үлкен мүмкіндік бар екенін айтты. Әрине, ақ халатты абзал жан атану сөз жүзіндегі білімділікті ғана емес, жүректегі батылдық пен төзімділікті қажет етеді. Осы орайда Диана Мұратованың деніне саулық, отбасына аманшылық, абыройлы қызмет тілейміз.
Мәншүк САПАРОВА