АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АБЗАЛ ДА, АБЫРОЙЛЫ ЖАНДАР
Дәрігер, фельдчер, лаборатория қызметкерлері мен санитарлар. Тағысын тағы бар. Маусым айының үшінші жексенбісі денсаулық сақтау саласында жанқиярлықпен жұмыс істеп жүрген осы жандардың кәсіби мерекесі. Бұл тізімдегі әр маманның өз орны бар. Бірі жоқ болса, нәтижелі жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан, мейрам иелері қашанда ерекше құрмет пен қошеметке лайық. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында денсаулық сақтау саласында жан аямай еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсету мақсатында аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінде мақала жарияламақпыз…
Ең алдымен тілшілеріміз абзал жанды дәрігерлер ұжымын біріктіріп, беделін асырып отырған мекеме басшысы – Алға аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрболат Төлекпбергенұлы Медеубаевпен тілдескен едік:
- Біздің мамандық ең ұлы әрі қастерлі мамандық десек те болады. Сол себепті, адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Екінің бірі таңдағанымен нағыз маман атана бермейтіні бәрімізге мәлім. Мемлекетіміздің ең басты байлығы – адам өмірі. Және де оған жауапты болғандықтан дәрігер берген антына берік, ар-намысы күшті болуы керек. Сол кезде ғана өлшеуге келмес құрметке – халықтың алғысына бөленеді. Төл мерекеміз қарсаңында ауданымыздың ақ халатты абзал жандарына зор денсаулық, отбасыларына амандық, қиындығы мен қызығы қатар жүретін еңбек жолында қажымас қайрат тілеймін, — деді Нұрболат Медеубаев.
Айта кеткен жөн, Нұрболат Төлепбергенұлы ауданымыздың медициналық әлеуетін дамытып, мекеменің ең соңғы үлгідегі техникамен жабдықталуына ерекше мән беріп келеді. Аурухананың толық күрделі жөндеуден өтуінен бөлек, перзентхана бөліміне де жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бұдан бөлек, КТ мен момография аппараттары алынып, жедел жәрдем көліктері қатарының толысқаны да бар.
Адам өмірі үшін күресіп жүрген жандарға бұл күні құрмет те, қошемет те ерекше болуы керек. Аудандық аурухана әкімшілігінің ұйымдастыруымен ақ халатты абзал жандар сынға түскен болатын. Әлеуметтік желіде «Үздік меңгеруші», «Үздік бала дәрігері», «Үздік отбасылық дәрігер», «Үздік бейінді дәрігер», «Үздік стационар мейірбикесі», «Үздік фельдшер», тағысын тағы бар, номинациялары бойынша дауыс берілген болатын. Алға ауданы тұрғындары қалаған мамандарына дауыс беріп, үздіктер қатарын анықтады. «Үздік отбасылық дәрігер» болып Әсем Қонысбаева танылса, Умсындык Нургалиева «Үздік стационар медбикесі» атанды. Халық қалаулысы атану қашанда үлкен мәртебе. Сый-құрметке лайықты мамандарды шын жүректен құттықтай отырып, абыройлы қалпыңызда қызмет етуді жазсын дейміз.
P.S: Осы атаулы күні адам жанының арашасы болып жүрген жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Дегенмен денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын қашанда созуға дайын тұратын дәрігерлерді мерекеде ғана емес, әрдайым дәріптеуіміз қажет.
Мадина ТАЖИБЕКОВА