АЛҒЫС

 Ел игілігіне еткен еңбек үлкен сауап

  «Халық үшін еңбек ету, іс қылу — жоғары мәртебе, ол адам мінезі мен қылығының өлшемі», — деп ұлы Абай айтқандай, адам баласының қадірі оның еліне сіңірген еңбегімен өлшенеді. Осы орайда, аудан әкімдігі мен газ қызметі мекемесінің ұжымына шынайы алғысымды білдіргім келеді.

  Жақында үйімдегі газбен жылыту құрылғысы істен шығып, үлкен мәселе туындаған еді. Жасым ұлғайған соң, қыстың суығында бұл жағдай біраз алаңдатқан-ды. Сол сәтте аудан әкімі Асланбек Серікұлы Шүйіншәлиевке өтініш білдірдім. Асланбек мырза үлкен кісінің өтінішін назардан тыс қалдырмай, бірден газ қызметінің басшысы Асқар Назарбайұлы Нұрғалиевке тапсырма беріп, жедел шешім қабылданды.

Аудандық газ қызметінің мамандары үйіме келіп, ақауды қысқа уақытта жөндеп берді. Әсіресе өз ісіне мығым, жауапкершілігі жоғары апатты қалпына келтіру теміршісі Жақан Асылжанның іскерлігіне, тиянақтылығына ерекше риза болдым. Осындай еңбекқор, елге адал жас мамандар барда болашағымыздың жарқын боларына сенім мол.

Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтар жылын жариялап, қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін көтеруге ерекше назар аударуда. Бұл — өз ісін сүйіп, бар ынтасымен ел игілігіне қызмет етіп жүрген жандарға деген зор құрмет. Осындай жауапты сәтте ауданымызда өз кәсібіне берілген азаматтардың бары — үлкен қуаныш.

Халыққа адал қызмет еткен азаматтарға аналық батамды беремін:

Қорған болсаң халқыңа,
Ел сүйенсін даңқыңа!

Талдырмай білегіңді,

Саздырмай жүрегіңді.

Ағайының қолдай берсін,

Дос-жараның қорғай берсін!

Қатарларыңнан озыңдар,

Қоздаған шоқтай қозыңдар!

Ең алдымен — берекешіл болыңдар,

Көпке бірдей — елшіл болыңдар!

Ауданымыздың төл баспасы «Жұлдыз-Звезда» газетіне осындай еңбекқор, елжанды азаматтардың барына ризашылығымды білдіріп, қатарлары көбейіп, халқымыздың тұрмысы жақсара берсін деген ниеттемін.

Зина Сембіқызы Капкарина,

Алға қаласының байырғы тұрғыны