Ақпарат тасқынында адаспа

Жастық шақ – адам өмірінің ең керемет кезеңі. Уақытын босқа өткізбей, жақсы әдеттерді қалыптастырып, өзін тәртіп пен еңбекқорлыққа үйреткен адам болашақта міндетті түрде табысқа жетеді. Бірақ жастықтың келеңсіз тұстары да бар. Ол – еліктегіштік, сенгіштік және сыни ойлау қабілетінің төмендігі. Өмірде кездесетін қауіп-қатерді көре білмеу. Бір сөзбен айтқанда өмірге «қызғылт көзілдірік» арқылы қарау. Осының салдарынан қазіргі жастардың көбі «маркетинг құрбандарына» айналуда. Маркетинг құралдары тек сауда-саттықта ғана қолданылмайды. Қазіргі уақытта деструктивті діни ағым мүшелері мен экстремистік, террористік ұйымдар да маркетинг құралдары мен PR технологияларды жиі пайдалануда.

Мамандардың айтуынша қазіргі уақытта экстремизм идеяларын насихаттаудың ең негізгі көзі – әлеуметтік желілер болып табылады. Қазіргі уақытта деструктивті діни ағымдар мен экстремистік, террористік ұйымдар өз идеологиясын насихаттау мақсатында әлеуметтік желіні тиімді пайдалануда. Интернетте адамдардың назары үшін ақпараттық майдан жүріп жатыр. Сонымен қатар, интернеттегі жасанды интеллект сіз қандай ақпараттарға қызығушылық танытсаңыз, сондай контентті үнемі қайталап ұсынып отырады. Сондықтан діни контенттерді көп қарайтын адамдардың күмәнді ақпарат көздеріне жолығып қалу ықтималдығы жоғары.

Әлеуметтік желілердегі қандай да ақпараттарды алдымен сыни ойлау тұрғысынан өткізу керектігі маңызды. Сыни ойлау – кез келген ақпаратты фильтр арқылы өткізу. Фильтрден сұрақ қою арқылы өткізе аламыз. Мысалы:

  • Кім айтып тұр?
  • Не айтып тұр?
  • Не үшін айтып тұр?
  • Осы ақпаратты айтуға оның біліктілігі жете ме?
  • Неге мен оның айтқанына сенуім керек?

Мүмкін сізге дін туралы айтып тұрған адамның діннен мүлде хабары жоқ шығар. Қазақ жерінде мың жылдан бері келе жатқан дәстүрлі ислам туралы пікірімізді 30 секундтық бейнеролик өзгерте ала ма? Егер адам сыни ойлау қабілетін жетілдірмесе өте қиын болады. Себебі қазіргі уақытта деструктивті діни ағым мүшелері мен экстремистік, террористік ұйымдар да маркетинг құралдары мен PR технологияларды өте жоғары деңгейде пайдаланды. Олардың насихат жұмыстарымен айналысатын медиақұрылымдары бейнероликтер мен бейнефильмдер шығарады. Одан бөлек әлеуметтік желілерде мыңдаған фейк аккаунттар ашып, елдің санасын улау үшін мақсатты түрде жұмыс істейді. Адам кез келген ақпаратты «Заңға қайшы ма, әлде қайшы емес пе?» деген фильтрден өткізуі керек. Сол тәрізді қандай да бір іс-әрекеттің заңға қайшы келетін тұсын байқасаңыз дереу бас тартқан жөн.

Алға аудандық «Дін мәселелері және

қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы»