AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025
Өткен аптада Ақтөбе қаласында халықаралық инвестициялық форум өтіп, әлемнің 20 елінен келген өкілдер мен жеті мемлекеттің елшілері бас қосты.
Форум 40-тан астам шетелдік компанияны, соның ішінде халықралық ұйымдарды, технологиялық хабтарды және өнеркәсіптік корпорацияларды біріктірді. 25 компанияның өкілдері бар Қытайдан келген инвесторлар ерекше қызығушылық танытты. Олар нақты өндіріс саласындағы жобаларға, ғылымды қажет ететін әзірлемелерге, жаңа технологияларды енгізу бастамаларына көп көңіл бөлді.
Маңызды басқосу нәтижесінде жалпы құны жарты триллион теңгеге жуық жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын құжаттарға қол қойылды. Өңір басшысы Асхат Шахаров әлеуетті инвестролармен бірқатар келелі келісімдер жасасты. Оның ішінде Алға ауданы үшін ерекше маңызға ие екі ірі жобаның бастамасы ресми түрде жарияланды:
- Канада мемлекетінің «Condor Energy» компаниясының табиғи газды сұйытылған газға айналдыру зауыты
- «Teppa» компаниясының заманауи төсемтас (тротуар плиткасы) өндіретін өндіріс орны
Жалпы құны 80 млрд теңгені құрайтын бұл жобалар жүзеге асса, Алға ауданында 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, салық түсімі айтарлықтай артады деп күтілуде. Бүгінде алғашқы құжаттар рәсімделіп, жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру жұмыстары бастау алды.
Алға ауданында алдағы уақытта жүзеге асатын екі жаңа жоба аудан экономикасының көптеген саласын дамытуға септігін тигізеді деген ойдамыз. Жалпы инвестициялық жобалар аудан экономикасын көтерудің негізгі тірегі болып табылады. Аталмыш жоба жаңа жұмыс орындарының ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайының тұрақталуына көмегін тигізері анық.
Форум қорытындысы бойынша 448 млрд теңгеніиқұрайтын 17 меморандум мен келісімге қол қойылды. Бұл шешімдердің барлығы аймағымыздың экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған нақты қадамдар болмақ.
Марал САНДЫБАЙ