Ақтөбе облысында қауіпсіздікті арттыру үшін бұлтты бейнебақылау жүйесі енгізілуде
Жол-көлік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе облысында ауқымды бұлтты бейнебақылау жобасы іске асырылуда. Жоба аясында облыстың 10 елді мекенінде 2 422 қоғамдық бейнебақылау камерасы, 94 аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін (МТНБ) тіркеуге арналған 45 кешен орнатылды. Бұл кешендер автокөлік нөмірлерін автоматты түрде анықтап, деректерді құқық қорғау органдарының мониторинг және әрекет ету үшін пайдаланатын «Қорғау» жүйесіне береді.
Ерекше назар интеллектуалды детекторларға негізделген бейнеталдау жүйелерін енгізуге аударылып отыр. Бүгінде қалада кеңейтілген аналитикалық мүмкіндіктері бар 190 камера жұмыс істейді. Олар мыналарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді:
бақылау аймағындағы рұқсат етілген саннан асатын адамдар тобын анықтау;
адамдардың немесе көліктің тыйым салынған аймақтарға өтуін тіркеу;
нысандардың (жаяу жүргіншілердің немесе көліктердің) белгіленген сызықтарды кесіп өтуін бақылау;
көліктерді әртүрлі кластар (көше, аудан) бойынша есептеу және жіктеу;
мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін, соның ішінде шетелдік көліктерді тану және олардың қозғалыс маршруттарын анықтау;
жекелеген аймақтардағы адамдар санын санау;
қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге, соның ішінде контейнерлердің жанына тастауды анықтау;
жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін бет-әлпетті тану (бұл жергілікті полиция мен Жедел басқару орталығы үшін аса маңызды).
2025 жылдың соңына дейін тағы 300 бейнеталдау функциялары бар камера орнату жоспарланып отыр. Бұл қаладағы қоғамдық қауіпсіздік пен бақылау деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Аталған жобаны іске асыру қылмыс деңгейін төмендетуге, жедел қызметтердің әрекет ету тиімділігін арттыруға және қоқысты рұқсатсыз тастауды бақылау арқылы экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді.