Ақтөбе қаласындағы 89 мектептің 32-сіне оқушы тасымалданады. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат — 500 миллион теңге. Бала көп тасымалданатын мекеменің бірі — Мәлік Ғабдуллин атындағы №70 мектеп. Бұл мектепке 917 бала қатынап оқиды. Олардың қауіпсіздігі үшін 7 автобус қызмет көрсетеді.
— Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығының 9-қосымшасына сәйкес мектептен алыс тұратын балаларды күн сайын үйінен жеткізу мемлекеттік қызмет көрсету қағидасына сәйкес тегін жүзеге асырылады. Тасымал қызметі мектебі жоқ елді мекендердің балалары мен мектептен кемінде 3 шақырымқашық жерде тұратын балаларға тиесілі.
Өткен оқу жылында 34 мектепке оқушы тасымалданды. Тасымалданған оқушы саны — 10 363. Ал жаңа оқу жылында Ақтөбе қаласы бойынша 32 білім беру ұйымы тасымал қызметін ұйымдастырған. Биыл мектепке автобуспен қатынап оқитын бала саны — 8147, — дейді облыстық білім басқармасы балалардың құқығын қорғау, қорғаншылық, қамқоршылық және арнаулы білім беру бөлімінің бас маманы Ардақ Мырзағали.
Оның айтуынша, сегіз мыңнан астам бала негізінен әлеуметтік нысандар салынбаған тұрғын алаптары мен мектептен үш шақырым жерде орналасқан саяжайлардан тасымалдануда. Жалпы, күнделікті тасымал үшін 108 көлік жұмылдырылып отыр. Оның ішінде мектептердің меншігіндегі автобустың үлесі —22. Қалғанын білім бөлімі жалға алып отыр. Айта кету керек, оқушы таситын автобусты бір сағатқа жалға алудың құны — 9500 теңге. Бір автобус күніне орта есеппен 6 сағат оқушы тасиды.
— Ақтөбе қаласындағы Жаңақоныс-2, Есет батыр-7 тұрғын алабындағы жоспарланған жайлы мектептер ел игілігі үшін пайдалануға берілген жағдайда №53, №73, №77 және Қызылжар мектебіне тасымалданатын бала саны азаяды.
Облыс орталығындағы Алтын Орда — халық өте тығыз орналасқан аудан. Осы оқу жылында аталған шағын ауданда «Келешек мектептері» жобасы аясында №80, №83 мектептердің құрылысы аяқталды. Соның арқасында №1 және №66 мектепке бала тасымалдау толығымен тоқтатылды, — дейді Ардақ Мырзағали.
Оның айтуынша, бала қауіпсіздігі — басты назарда. ҚР «Жол жүрісі туралы» Заңы мен «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» №349 бұйрығының талаптарына сәйкес рейсалды техникалық (жол жүріс қағидаларының талабына сәйкес) және медициналық тексеру күн сайын жүргізіледі.
Көлік жүргізушілерінің тиісті жүргізуші санаттары бар. Барлық автобус техникалық сынақтан өткен. Сондай-ақ бәрінің міндетті сақтандыру полисі де бар.