АҚЖАЙЫҚТЫҢ АҚ ШАҒАЛАСЫ
Газетіміздің бүгінгі санындағы «Әдебиет» айдарында қазақ халқының айтулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Жайықтың «ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгерееваның өмірі мен шығармашылығына тоқталмақпыз.
Болса да нәзік гүл өңім,
Өсірдің еркек баладай.
Қыз деуді, әке, білемін,
Көңілің жүрді қаламай.
Қалмадым елі қасыңнан,
Мен болдым қызың, ұлың да.
Үйір ғып қойдың жасымнан
Қамшыға, асау құлынға.
Жатпадым ана қойнына,
Сен келмей тамақ ішпедім.
Оралып тыста мойныңа,
Тізеңнен үйде түспедім.
Жарқырап бір от көзіңде,
Ұсындың сусын бал қатып.
Жол жүріп қайтқан кезіңде
Алдыңнан шықтым шаңдатып.
Тұлпарды жексең шанаға,
Делбесін қақтым елеңдеп –
«Әкеме» деп аталатын осы өлеңімен ақын оқырманын селт еткізді. Осы өлең бүкіл жазарман аға буынды жалт қаратты. Әсіресе, қазақ поэзиясының ақша бұлты Әбу Сәрсенбаев әке туралы толғанған қыз балаға риза болып, ақ батасын берді. Бұл тағдырлы өлеңді жазған автордың ерекше есімі естіген жанды таңдандырды.
Ақұштап Бақтыгереевадан «Ираннан Жібек жолымен тасылған ХVII-XVIII ғасырлардағы «ұштап» деген бағалы матаның атын саған кім қойды?» деп Сәбит Мұқанов сұраған. Ақынның атын оның әжесі Ақұштап деп қойған.
Жайықтың «ақ шағаласы» атанған ақын көптеген әндер мен өлеңдерден бөлек ел арасныда афоризмге айналып кеткен түйінді, кесек сөздердің авторы.
«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер, Өзі сүю қыздардың соры ғана» немесе «Білетінім: Отанын, халқын сүю, Болу қажет қашан да басты мода!». Міне, қаншама жылдан бері ауыздан ауызға тарап, бүгінгі ұрпаққа жеткен, өзектілігін жоғалтпаған, жоғалтпайтын даналық сөз.
Оның өлеңдері Абай айтқан өлшемге дәл келеді, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді, айналасы теп-тегіс, жұп-жұмыр. Сондықтан да ол жазған сөз қағазда қалмайды, оқырманының аузында жүреді, тез таралады.
Ақұштап Бақтыгереева: «Мен өзіме берілген талантты тағдырымның сыйы деп қабылдадым. Қиын болсын, оңай болсын мен оны қазақтың қызы ретінде дәлелдеуім керек деп алдыма мақсат қойдым. Егер қиындықтан жеңіліп, қаламыңды лақтырып, қазаныңды лақтырып, «мен шаршадым деп» айтсаң, сен не ұтасың? Саған үміт артып отырған халқың бар емес пе?!» — дейді. Ол ең алдымен соғыста бір қолынан айырылып, мүгедек болып оралған әкесінің үмітін ақтауға барын салды. Бақтыгерей әкесінің есімі жер бетінен өшпесін деп жанталасты. Өйткені ол отбасындағы жалғыз перзент еді. Асау құлынға, қамшыға үйір боп өскені де сондықтан. «Әкеме» деген өлеңінің оқырманды да, жазушы қауымын да бей-жай қалдырмағаны да сол себепті. Ол өлең қыз баланың шынайы сыры, ауыр мұңы, тағдыры туралы болатын. Ақынның әкесі 28 жасында Сталинградтан жараланып елге оралады. Содан кейінгі жылдары әкесі өмірдің тауқыметін тартады. Бір қолы болмағандықтан көп шаруаның басын қоса алмай қиналады. Ақұштап Бақтыгереева сол себепті де жастайынан әрдайым әкесінің қасынан табылып, көмектесіп жүрген. Ұл орнына ұл болып, қыз орнына қыз болып жүреді. Көбіне ол «неге мен әкемді қуантатындай, қасына ертіп жүретіндей ұл болып туылмадым?» деп өз-өзіне көп сұрақ қоятын болған. Қыз баласы болғандықтан тұрмысқа шығамын, әкем сынып кетпей ме деген сауалдар мазалайтын. Тағдырдың жазуы болар ақынның әкесі 54 жасында көп ұзамай дүниеден озады. Бұл қиындық ақын қыздың өжет мінезін қалыптастырды, ішкі қуатын шыңдады. Бірақ нәзіктігіне сызат түсірмеді. Оның поэзиясындағы өрлік пен қатар өрілетін нәзіктік барша оқырман қауымды баурап алатын.
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Ақұштап сол нәзік қалпымен күрескер адам» деп таңданған. Ал, ақын Темірхан Медетбек «Ақұштап жер бетіндегі ақ қайың» деп сүйсінген.
Ақұштап Бақтыгереева қазақ әдебиетіне 60-жылдары өр әрі нәзік, еркін өңмен кіріп келді. Оның алғашқы өлеңдері «Қазақ әдебиеті» газетінің жаңа жылдық нөміріне жарияланады. Сонда Поэзия бөлімін басқарып отырған Ғафу Қайырбеков «Өлең-жырдың әппақ даласына ақ қояндай талант иесі аяқ басты» деп алғысөз жазып, сүйінші сұрайды.
Ақын сонымен қатар қыз тағдыры туралы өлеңдерінде қыз атаулының бойындағы мұңды, ішкі сезімін шебер суреттейді. Мысалы, ақынның «Сіңліге сыр» атты өлеңі қазақ қыздарына арналған тәрбиелік мәні жоғары, пәктік, адалдық пен нәзіктікті дәріптейтін шығармасы.
Осал да болма, ойыңнан оңай адасқан,
Өжет те болма, орынсыз сөзге таласқан.
Алдымен қызға керегі – пәктік, адалдық,
Одан соң, жаным, жаз мінез керек жарасқан.
Айтарым тағы, берік бол сертке, бір сөйле,
Сабырлы таудың мінезі керек күлсең де.
Қыз мінез деген – сұлулық сыры өмірдің,
Жұмбақтай қиын жатқандай болсын бір сенде.
Десек те біздер «жастықтың сырын аз ұқтық»,
Өмірдің жолы болмайды тегіс жазықтық.
Ісіңнен кейін есіңе сақта, жарқыным,
Жеңілмес мықты қаруың сенің – нәзіктік.
Қайғының жүгі жаныштап сені жатса да,
Досыңды «тағдыр талқысы сол» деп тастама.
Дұшпаның саған ойласа алуан қастандық,
Қалай да өзің жақсылық ойла басқаға.
Қадірлер сонда қалтқысыз танып асыл ер,
Өзгелер сені «адамның бірі осы» дер.
Арыңа тиіп, жолыңды кескен тентектер
Алдыңа келіп өздері кейін бас иер.
Әдебиет әлемінде талай сын естісе де ол қаламын тастамады. Жыр маржанын шашып, оқырманын қуантуды жалғастырды. Ол өзінің бір сөзінде былай дейді: «Ақынның жүрегі – бұл кез келгенге тілемейтін жүрек қой. Барлық нәрседен секем алады. Мен құдайдан ақын болайыншы деп тіледі дейсің бе? Ақынның жүрегінде меніңше бір тыныштық, бір рахат деген аз болады. Ақын жүрегі жараланғыш. Ал оны сақтау қанша күш. Соны сақтап қалу үшін арпалысасың. Ұлт үшін туған ұлы Абайды неге жылатты бұл қазақ? Еркіндігін сұрапханның қателігін айтқан Махамбеттің басын неге кесті бұл қазақ? Ау, менің жырлап отырған қазағым деген ұлтың кім? Осының біреуін көрсетпеуге тырысасың. Оны жарыңа, балаларыңа немерелеріңе, оқыстан келген қонағыңа соны көрсетпей, жуып-шайып, басқаның көңілін сындымайын деп қайтадан басқа бір әртістің рөлін ойнап отырасың. Кейде ойлайсың, шіркін, әй бір сезімсіз болсам ғой шіркін! Ештеңені ойламасам, байқамасам, өзімше бір жүрсем деп. Тойға барып билесем, киген киіміме мәз болып жүрсем деп ойлаймын. Сосын қайтадан жоқ бүйтіп өмір сүргеннен ақындық бейнетім жақсы екен ғой деп қаламын. Қайтадан қолыма қалам аламын…»
Дегенмен қазақ әйеліне қалам ұстау оңай емес, өйткені әйелдің басты миссиясы ана болу, бесік тербету, ұясын сақтау – дейді ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева.
Айтулы ақын әйелдік миссиясын толық орындаған ардақты жан. Бүгінде ол асыл жар, абзал ана, сүйікті әже. Ақұштап ақын апамыз бесік тербетіп, бала емізіп отырып көкейінен талай жыр шыққан. Ол өз сөзінде кейде тіпті үй шаруасын жасап жүріп, нан илеп тұрғанда шабыты оянып ойына жыр келетінін айтады. Сол кезде барып қағаз бетіне түсіретінін жеткізді. Қазіргі дамыған замандағыдай ол кезде дайын кеспе, жайма нан деген болмайтын. Бәрін қолдан дайындап жүрген кезінде талай өлең жазғанын айтады.
Қиын қыстау кезеңде ақын басынан талай қиын сәттерді де өткізеді. Үш қызын жеткізу үшін аянбай тер төккен. Саудамен айналысып, қыздарын оқытып, жеткізген. Өмірлік жары екеуі жұмыссыздық деп отыра бермей бірін-бірі демеп, қиындықты жеңген. Оның көптеген өлең жазуға арналған жылдары осындай қиындықтарды жеңуге кетіп қалады. Бірақ, үш қызын да оқытып, тоқытып, ұясынан құтты орындарына қондырып, бүгінде жиен немерелер сүйіп отырған бақытты әже.
Екі жыл бұрын 80 жасқа толған Ақұштап Бақтыгереева өзінің мерейтойын дүркіретіп тойламады. Өзі туралы мақтау сөз де айтқызған жоқ. Оның орнына өр ақын Жұбан Молдағалиевтың рухына арнап «Жұбан» атты спектакль жазды. Сол спектакльді өзінің 80 жылдық мерейтойында сахналатты. Бұл ақын үшін баға жетпес сыйлық еді. Ол қанағатшыл, өйткені соғыс жылдарында дүниеге келген, бейнет көрген, түрлі өзгерісті басынан өткерген ұрпақтың бірі. Бірақ ол сынбады, өмірді бар қалпында сүйді, әке үмітін ақтады. Өлең деген құдіреттің биігін бағындырды.
АҚЫННЫҢ ӨЛЕҢГЕ СЫЙМАҒАН ОЙЛАРЫ
Әжем «екі көз бір-біріне жау болған соң ортасына мұрын қойған» – деп отырушы еді. Ойлап тұрсам бұл сөздiң мына тірлікте үлкен мәні бар екен. Сақтыққа үйреткен салауаты мысал тәрізді.
Ақын Тайыр Жароковтың тұғыры мен түгел тұлғасын туған жеріне қоладан құйдырғаны үшін, обком бюросында (каржы шашып) катаң ескерту алған Рахметолла Егізбаев талант пен өнерді қатты сыйлайтын азамат еді. Ғабит Мүсірепов бастаған жазушылардың үлкен тобын Ордаға шақырып, талай ғажап кездесулер өткiзген де сол азамат екенін әлі күнге көне көздер аңыздай жыр етiп айтады. Аудандық басшылықта қызмет атқарған талайлардың есiмiн қазiр жұрт ұмытып та қалған.
Асыл туған бекзатты
Қойға салсаң қор болмас,
Жасық туған жаманың
Атқа мініп зор болмас,
Тегі таза жiбектi
Шұлғау етсең бөз болмас, – деген Әбубәкір Кердерінің нақты жыр жолдарымен кейде iштей келісе алмай қынжылатын сәттерім болады. Ау, баба, анау бір бекзат қор болып жүр ғой, анау жібектің қазіргі халі бөзден төмен деп тірі болса таласып калар ма едiм, кiм бiлсiн…
Жәңгір хан ставкасы. Отыз шақырым құмға айнала қарағай орман отырғызып ортасына жасанды көлге аққу жүздірген мекеннің қалдығы да сақталмау үшін қырық жыл полигон жасады. Бiр кезде 60 мың халық тұрған мекенде қазір 6 мың да қалмады. Бұл қазақ тарихы мен мәдениетіне жасалған қиянат.
Жазушы Сәбит Мұқанов менің алғаш өлеңімді оқып, арнайы «Қазақ әдебиеті» газетіне соғып, Ақұштап деген есімнің төркіні қайдан шыққанын түсіндіріп кетті. «Ескі сөздікте Жібек жолында сауда керуенi таситын, Батыс өңірде көп қолданылған бедерлі жылтыр жібек матаның атын саған кім қойған?» деп сұрады. Қарт әжем екенін айттым. Қазақтың тарихына, есiмiне, әр сөзіне мән беретін сол ұрпақтан бiзге де көп үлгі алу керек еді-ақ, әттең…
Венера деген кластас кызым өте тапқыр болатын. Бiр жылы жағрапиядан мұғалім Вьетнам жайлы тәтпіштеп сұрай келiп, жер көлемін, адам санын да сұрады. Тапқыш Венера мұғалімге:
– Күнде өлiп жатқан елдің санын қазiр кiм бiлсiн, – деп аяқтады жауабын.
Ол жылдары Вьетнамда соғыс жүрiп жатқан.
Өз есiмiн өзi ұмытқан Қалиды ел «диірменші шал» атап кеткен. Әр үй шақырып алып, «қол диірмен жасап әкел» деп тапсырма беретiн. Иә, бидайдан қол диірменге ұн тартқан қиын кездi бiздiң аналар өз басынан кешкен.
Қали мола кезіп жүріп, ескерткіш тастардан диірмен жасап беретiн. Бiздiң даламызда талай моланың белгісіз қалуының бір себебі осындай жағдайларға байланысты.
Сатирик Оспанхан Әубәкіров жазушы Шәрбану Құмарованың ұзатылу тойына сыйлығым деп «суперцемент» деген клей алып келді. Жұртты қыран-топан күлкіге кенелтетін талантты Оспанханның күнделік тірлігі де күлкіге толы болатын. Әттең, бұл некеге «суперцемент» себепші бола алмады…
– Кітапханалар неге жабылып жатыр? – деген сауалымның соңын күтпестен, бір облыс мәдениет басқармасының бастығы:
– Жаңа қазақтар кiтап оқуды қойғандықтан, – деп жауап қайтарды. Мен үнсіз қалдым.
Жаңа қазақ бүгін оқымаса да ертең оның ұрпағы оқитын шығар деген үміт сәулесі тұрды көкейімде.
Жәңгір хан ордасында сақталған көне ағаш үйдің бірінде өте тозған табалдырыққа көзім түсіп, таңданғанымды байқаған қария:
– Иә, өзгертуге ағаш табар-ау жастар, өзгертпей отырған мен, осы табалдырыққа күй анасы Дина Нұрпейісова сүрiнiп кiргенiн өз көзім көрген еді, – деді. Халық таланттардың әр қадамын есiне сақтайды, тіптен сүрінгенін де…
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ