АРМАННЫҢ ЖЫР ДӘПТЕРІНЕН

 Ақындық – бұл еркіндік, адам бойындағы Тәңірден келетін ерекше сый, күш. Осынау күшті бойына сыйдырып, жүрек түбінен тулаған жырларын шашып, оқырманға жеткізе білу де кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бүгінде ауданымызда талантты жас ақындарымыздың өсіп келе жатқаны қуантады. Бойында ерекше қасиеті бар жас өрендерімізді ақындық жолға баулып, бағыт-бағдар беріп жүрген жас ұстаз, айтыскер ақын, Алға мектеп-гимназиясындағы жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Рахметулла Атажанұлын ерекше атап айтамыз. Себебі, жас ақын, әрі ұстаз әрбір баламен жеке жұмыс жасап, қабілетін байқап, ұлы өнерге үйретуден жалықпауда. Тынымсыз еңбектің нәтижесі де жоқ емес. Қазіргі кезде аталмыш үйірмеге қатысып жүрген оқушылардың көпшілігі жыр додаларында, түрлі байқаулардан жүлделі орындар алып, қуантуда. Сондай бір алғыр, әрі талантты шәкірттерінің бірі, бүгінгі кейіпкеріміз, поэзия әлеміне қадам басқан жас ақынымыз  Жантөреев Арман Жұмағазыұлының жыр жинағынан бірнеше өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Арман – Алға қаласының тумасы. Ол 2011 жылдың 1 тамызында дүние есігін ашқан. Алға мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы. Сүйікті ақындары – Мұқағали Мақатаев, Ерлан Жүніс. Сүйікті ісі – әлем әдебиеттерін оқу, поэзия туындыларын оқу. Арманның өлеңдерін оқи отырып, бір ерекше сезімде боласыз. Жас ақын әртүрлі тақырыпқа қалам тербеген. Айтар салмақты ойы бар, мазмұны терең өлеңдер әрбір оқырманның жүрегіне жол табарына сенімдеміз. Жас ақынымызға қаламының ұштала беруін тілеміз! Жолың даңғыл ашық болсын, жас өрен!

  Мұқағалиға арнау

Мұрасы бар ұрпағы ұлықтаған,

Жазып кеткен жырларын ұмытпаған.

Қазақтың мұзбалағы – Мұқағали,

Өлеңдері қырандай қалықтаған.

 

Өлеңдерін оқыдым, шабыттандым,

Келеді үлгі-өнеге алып қалғым.

Алла берген таланттың арқасында,

Болмасам да ұқсаймын, бағытталдым.

 

Мұқағали атамның жыры шекер,

Онсыз қалай әр күнің көңілді өтер.

Атамның өлеңдерін оқымасам,

Ақын болып жүргенім бәрі бекер.

 

Мұқағали жырының жаршысымын,

Сыйлап өтем тірлікте тартысы мың.

Мұқағали өлеңнің ақ теңізі,

Ал мен соның бір ғана тамшысымын.

  Махамбетке арнау

Ел деп ғұмыр кешкен батыр бабамыз,

Елдің мұңын айтқан ақын бабамыз.

Махамбеттер қорғап берген далаға

Мына біздер ие болып қаламыз!

 

Арысым-ай, жыртқан ұлттың намысын,

Күн кешпеген қара бастың бағы үшін.

Еңку-еңку жер шалған ер Махамбет

Қара қазан, сары баланың қамы үшін.

 

Исатайға қосшы болған ер еді,

Арманының шетсіз, шексіз көлемі.

Мен, мен, едім, мен едім деп жырлады ол

Мен дегені — “қазақ” еді себебі.

 

Қызғыш құстай жалғыз қалған далада,

Ханды сынап, қамқор болған қараға.

Ұрпақ үшін басын тіккен ажалға

Мәңгі тағзым, құрмет қылам бабама!

 

Дүйім жұртқа үлгі болған ақылы,

Ол қазақтың батыр рухты ақыны.

Жыры жетті, үні жетті біздерге

Ұлы арманы орындалды ақыры!

 

  Ақтөбеме

 Ақтөбем, арайланған туған қалам,

Қалықтар аспанымда қыран қалам.

Нәр алып топырағыңнан мен келемін,

Сондықтан саған күнде жыр арнағам.

 

Мықты боп құрылған соң қағанатым,

Ерекше дараланды қалам атың.

150 жыл толыпты құрылғалы

Келесің сақтап баба аманатын.

 

Өткелден өтіп қиып талайлаған,

Алдыңнан күн туды ғой арайлаған.

Осындай әсем қала тұрғызуды

Аңсады, армандады талай бабам.

 

Көркіңе талай адам таңдануда,

Төбеңде келісер ем ай болуға.

Кезінде батырларым басқан жерді

Басуға тырысамын сай болуға.

 

Батыста бой көтерген алып қалам,

Атағың айға жетсін қалықтаған.

Жасай бер, өркендей бер, ұлы көшім

Керуенін болашаққа бағыттаған!

  Ауылым

Тебіренсем, толғансам ауыл жайлы,
Ауыл жайлы, мейірбан қауым жайлы.
Мұржадан будақтаған түтін шіркін!
Ондай жұпар еш жерден табылмайды!

Өмірден біз емес ек түңілетін,
Ауылдың сонда, бәлкім, құдіреті.
Өрістен қайтқан малды күтіп алып,
Қозы-лақты иіскеп ап, жүгіретін.

Аңсаған кездерімде ауылымды,
Тай-құлындай тебіскен бауырымды.
Жүрегіме гүл-көктем орнай қалар,
Ұмыттырар зілдей шер, ауырымды…

Ауылымда ең алғаш еркеледім,
Жүрегім алғаш жазған өрт өлеңін.
Бәйшешектер теретін көктем кезі ай,
Не деген керемет ең, көркем едің!!!

Ғаламаттар сезіліп ақ таңыңнан,
Ауыл бізді ақын мен патша қылған.
Шаң көтеріп, шалдарды шулатушы ек,
Күн ұзаққа жармасып ат жалынан

Ұнатсаң, қабыл алшы, осы әнімді,
Өлеңім болмаса екен аса мұңды
Айрандайын ұйыған ауылым-ай,
Өшірмесін Тәңірім ошағыңды!

   Менің отбасым

 Отбасыма арналады жыр-кенім,

Анам мені ақ бесікте тербедің.

Сенің арқаң, асыл анам, әкешім,

Бұл өмірге аман-есен келгенім.

 

Тәлім берген ағаларым, ақылшым,

Барлығың да бір мен үшін батырсың.

Әпкелерім, көңілі кең, қамқорым,

Барлығың да маған сондай жақынсың.

 

Отбасымды жақсы көрем, сыйлаймын,

Бауырларды еш нәрсеге қимаймын.

Әлемдегі бал бақыттың мекені

Отбасында жатыр ғой деп ойлаймын!

  Өлеңімде

Пешенеме жазғанын көремін мен,
Шыңырау шыңға ұмтылам өнеріммен.
Ақын ұл деп ағайын іздесеңдер,
Табасыңдар өрелі өлеңімнен!

Ешкімге айтылмаған сырларым да,
Мың құбылып, маздаған мұңдарым да.
Жарқыраған жігерлі жастығымның,
Куәсі мен белгісі жырларымда!

Тіршіліктің бүгіні өткені де,
Көңілімнің жап-жасыл көктемі де.
Өлеңімде өкініш өрнектері,
Өмірімнің айшықты сәттері де.

Шабытымның маздайды шамшырағы,
Өлеңменен өседі жан шынары
Өлеңімде жүректің жалыны мен,
Жанарымның ып-ыстық тамшылары.

Керегі бар, ойлаймын, кімге мұңың,
Өміріме оралсам жүлделімін.
Өтіп жатқан күн мен түн, айларымның,
Өлшеушісі өлеңім — күнделігім!!!

  Өлең жазғым келеді

Өлең жазғым келеді, шабытым бар,

Өлеңді жаза тұғын ақылым бар.

Өлеңді жазуменен оқуменен,

Ойларыңды әрі қарай дамытыңдар.

 

Өлең жазғым келеді білесің бе?

Ақындықтың өнері жүрегімде,

Сол жүрек от боп лаулап жанған кезде,

Өлең жазғым келеді білесің бе?

    Талпыну

 Бұл өмірде талпыныссыз ештеңе жоқ,

Алайда талпынуға себептер көп.

Ұмтылып, еңбек етіп, талпынсаңыз,

Алдыңда бағындырар белестер көп!

 

Әр адамның тағдыры өз қолыңда,

Қиындықтар көп қой өмір жолында.

Мақсатыңа жеткің келсе егерде,

Талпын досым, босқа қарап отырма!

    Мағжанға арнау

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Деген сөзің бойдағы
Қанымызды ойнатты.

Мағжан атам — данышпан,
Ел үшін күш салысқан.
Сенен үлгі алсам мен
Құр келмеспін жарыстан.

Жырың тұнған бойымда,
Мағжанды әлем мойында.
Мағжан сөзі жүрсе екен,
Әр қазақтың ойында.

“Педагогика” еңбегі,
Көп қой жасқа бермегі.
Қазақ үшін шарқ ұрдың
Періштедей жердегі.

Жыры — сөздің маржаны,
Мағжан — елдің бар жаны.
Асқақтасын жыл сайын,
Қазағымның Мағжаны!

  Нағыз дос

Нағыз дос қиындықта тастамайды,

Әңгімесін жаманнан бастамайды.

Егерде шын дос болса, сен сыйлайтын.

Ешқашанда көңілінді ластамайды.

 

Дос дегенің өмірдің бір бөлігі

Әрқашанда кең ғой оның көңілі,

Достарымыз аман болсын мәңгілік,

Серік болған бізге осы өмірлік.

   Қазақстаным

Қазақстаным туып өскен мекенім,

Бар өмірім тек жаныңда өтетін.

Қандай қиын жағдай болсын бәрібір.

Мәңгілікке сені қорғап өтемін.

 

Өз еліме басқа ешбір ел жетпес

Сұлулығын айтар болсам сөз жетпес.

Қазағымның ынтымағы тұрғанда,

Төбесінен нұрын шашқан күн кетпес.

  Рух

Шыға тұғын жүректен намыс болып,

Жаның емес тәніңді түзу қылып,

Қанша жерден тұрсаң да, басыңды иіп,

Рухың қылмас ешқашан тізе бүгіп.

 

Рухыңды сен ашуменен шатастырма,

Ашу-ыза кезіктірер тек жамандыққа

Ал рухыңды керек кезде пайдалансаң,

Шығарады жеңіс деген алып шыңға.

  Өмір жолы

Қасіретті мына өмірде,

Ақ пенен қара жол да бар

Біреуге өмір көп болып,

Біреуге мүлде жоқ болар.

Қайғыменен қасірет.

Жүректі талап, жеп болар.

Қозғалмасаң ертерек.

Уақыты болса кеш болар,

Басыңды көтер адамзат,

Дүние етер шарасын.

Телефон деген бәленің,

Ішіне кіріп барасың.

  Ұстаз

 Ұстап тұрған оқу білім тірегін.

Әр баланың көңілін таба білетін.

Білім беріп, болашаққа жол ашқан,

Ұстаздармен өркен деген бар елін!

 

Барша елдің толықтырған санасын,

Кім болсаң да содан білім аласың.

Құрметтемей, сыйламасаң сен оны

Айтшы маған, қандай пайда табасың!

 

Кемшілікті жоя білген ұстазым,

Оқушыңды арманына бастадың.

Білім алған әрбір адам ұстаздан

Бағындырар барлық шыңның асқағы!

  Уақыт

 Әлемдегі ең қысқа зат бұл  — уақыт,

Ұзақ уақыт өмір сүрсең сол бақыт.

Бір минуты өткен сайын уақыттың

Барша адам бара жатыр қартайып.

 

Көз ілеспес жылдамдықпен өтеді,

Бара-бара бір түбіне жетеді.

Қанша мықты адам болсын бәрібір,

Әрбір адам дүниеден өтеді,

 

Әркім өзі қалағанын етеді,

Бара-бара бір түбіне жетеді.

Қанша мықты адам болсын бәрібір

Әрбір адам дүниеден өтеді!

  Еркіндік

Білесің бе жүрегіңнің қалауын?

Сезіңдің бе еркіндіктің қайнар көзін тапқандар,

Бұл дүниеге тәуелсіздер болатын.

Қанат жайған қыран құстай балар шың!

Көк аспаннан еркіндікті табармын,

Самғап ұшып мына шексіз аспанда,

Қиындықтан азат адам болармын.

Еркін адам бағынышты болмайды

Әрқашанда тек жүрегін тыңдайды.

Жан дүниесін азат еткен адамдар,

Болашағын жақсылықпен жалғайды.

  Ойсыз заман

 Кей адамдар көзбен көріп, білмейді,

Естіп алып кінәсізді тергейді.

Ойда жоқта айыпты боп қалғанның,

Хал жағдайын білгісі де келмейді.

 

Естігенге бірден сеніп қаламыз,

Соншалықты ойсыз болып барамыз.

Адамдықтың ізі өшіп кетсе егер,

Надан болмай қандай адам боламыз?

  Жас ғарышкер арманы

Шарықтаймын мен көкке арман қуып,

Аспанында қазағымның туын тігіп.

Зерттеуден ғарышты жалықпаймын,

Мен елімнің көгінде қалықтаймын.

 

Жүремін Тоқтар салған ата жолмен,

Мәртебесін елімнің әуелеткен.

Қазағымнан әлі талай батыр шығар,

Ерлігі бар әлемді тәнті еткен.

  Терең ой

 Ғажайыптар сыр шерткен,

Жан дүниеңнің әлемі.

Еріксіз ойға батасың,

Тұнғиықтай әдемі.

 

Қалауыңша қиялдап,

Терең ойға түсесің.

Тек сол сәтте жүректің,

Шын қалауын білесің.

  Шыдам

Шыдамдылық қайрат-жігер негізі,

Кейде шыдам намыстың да егізі.

Төзе білу деген асыл қасиет,

Шын шыдамды болғандардың жеңісі.

 

Қиындыққа қарамастан қажымай,

Қадам басып, мақсатыңа жылжисың.

Арманына жеткінң келсе аңсаған,

Әрқашанда шыдамды боп жүргейсің.

   Сатқындық

 Адам деген екі түрлі болады,

Бірі жақсы, бірі жаман тарапы.

«Жау жоқ деме, жар астында» -демекші,

Ең мықты жау өзі шығады араңнан.

 

Мақтағанның әр сөзіне ересің,

Жақсы екен деп көмегіңді бересің.

Жақсылықтың еш қадірін білмесе,

Ондайларға енді қалай сенесің?

   Қажымұқан

 Қазағымның данқы шыққан палуаны,

Рухы биік арыстандай арланы.

Белдескенде басқасына бой бермей,

Мақсатына қадам басты алдағы.

 

Таң қалдырған алпауыттай күшімен,

Адам сенбес ерекше көп ісімен,

Мықты палуан болғың келсе, үлгі ал,

Қажымұқан атамыздай кісіден.

   Көктем

 Жарқыраған күн шуағын шашады.

Қыстың орнын көктем келіп басады.

Жылғалардан сылдыр-сылдыр су ағып,

Толқындары бір-бірінен асады.

 

Бар тіршілік оянғандай ұйқыдан,

Құстар үні әуендей боп шығады.

Шатырларға қатқан ұзын мұздардан,

Сытыр-сытыр су тамшылап.

   Қыс қаһары

 Күн суытып, қаһарлы қыс келеді,

Теректерге қар қырауы түседі.

Борандатып қарлы боран басталса,

Көп адамдар жылы үйіне келеді.

 

Дауыл соғып, алай-дүлей далада,

Кең даланы гуілдете қоршайды.

Алпауыт бір ашулы күш келгендей,

Айналада боран үні қаулайды.

   Батырлар

 Батырларым алпауыттай денелі,

Арта тұғын ел алдында беделі.

Қандай да бір қиын — қыстау заманда,

Батырлар ғой халықтың да сенері.

 

Тайсалмаған төніп келген жаудан да,

Бораннан да, дауылдан да, қардан да,

Отан үшін өмір сүрген оларды,

Теңеймін мен азулы бір арланға.

  Еңбек

 Жеткізер мақсатына тура жолмен,

Қиындықты жеңерсің қарсы келген.

Шын бақытқа бөленерсің адам болсаң,

Бұл өмірде еш тынбай еңбек еткен.

 

Жаныңды жалқаулыққа жат қылғанда,

Еңбегің арманыңа апарады.

Өзіңе де әсте жақсы емес пе?

Ең үздік деп есіміңді атағаны.

   Алғашқы қадам

 Ниет еттім ақындықты бастауға,

Ұмтылмаймын орта жолдан тастауға.

Айтыңдаршы қандай себеп бар еді?

Ең алғашқы қадамымды баспауға.

 

Үміттеніп тәуекелге бел будым,

Арманымның артынан да көп қудым.

Осылайша еңбегімді бастадым,

Етегінде қасиетті көк тудың.

  Қос қарындасыма

 Еркелігі өздеріне жарасатын,

Тату болып, кей-кейде таласатын.

Тіл алмай, бұзық болып кетсе мейлі,

Олар менің қарындасым,  қарлығашым.

 

Көрген жанмен үнемі сыйласатын,

Жасы үлкеннен ақыл сұрап, үлгі алатын.

Мұқтаж болып, қапаланып, қиналғанда.

Бір-бірінен аямаған қолда барын.

   Жалқаулық

 Өмірлік жігерінді өшіретін,

Іс қылмай жатуыңды өтінетін,

Бойыңдағы құлшынысың жоғалғанда,

Мына өмірде не істеп жетісесің?

 

Оян, жой бойыңдағы жалқаулықты,

Ол сені ешбір шыңға жеткізбейді.

Талпынсаң, жеңерсің бар қиындықты.

Жалқаудың ертең сөзі еш бітпейді.

 Бетті дайындаған Марал САНДЫБАЙ