Ата заң – алтын тұғырымыз
Қазақстан Республикасы Конститутциясының 30 жылдығына орай Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ата заң тұрақтылығы – Қазақстанның тұрақтылығы» атты пікір алмасу кеші өтті.
Кез келген егемен елдің даму бағыттарын айқындайтын басты құжаты-ол Конституция. Біздің Ата заңымыз сонау замандардан бері ата-бабаларымыз дербес ел болуды армандаған, халықтың қамын заң тілінде жеткізген, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш ететін бірден-бір құжат. Пікір алмасу кешінде қатысушылар Конституцияның мызғымас беріктігі, оның ел өміріндегі алатын орны туралы жан-жақты баяндап, өз ойларын білдірді. Аталмыш шараға қонақ ретінде заң қызметкері Кеңес Махметов және полиция инспекторы Ержан Сембаев қатысып, қажетті ақпараттармен бөлісті. Олар Ата заңымыздың қаншалықты еліміз үшін маңызды құжат екендігін түсіндіре білді. Пікір алмасуда тақырыпқа қатысты мәселелер қозғалып, сұрақтарға жауап берілді. Кешке қатысқан мектеп оқушылары, әрі кітапхана оқырмандары Ата заңымызға арналған өлең шумақтарын оқып, әндерін шырқады.
Кітапхана қызметкерлері тақырыпқа сай кітап көрмесін жасақтап, көпшілік оқырман назарына таныстырып, ұсынды. Еліміздің басты құжатын дәріптейтін шараға қатысу арқылы туған елге деген сүйіспеншілік артып, еркін, ашық аспан астындағы бейбіт өмірдің қадірі сезілгендей болды. Ата заңымыз – біздің мақтанышымыз, алтын діңгегіміз! ҚР Конституциясының 30 жылдығы құтты болып, тәуелсіздігімізге мәңгілік ғұмыр тілейміз!
Марал САНДЫБАЙ