Құрметті жерлестер!
Барша мұсылман қауымы жыл бойы сағына күтіп, қимай шығарып салатын 12 айдың сұлтаны «Ораза айы» аяқталып, Ораза айт мейрамына жеттік.
Барлығыңызды мұсылман әлемінің ең бір қастерлі мерекелерінің бірі Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы көктем тұтас еліміз үшін үлкен сынақпен басталды. Қатал келген қарғын су елді әбігерге салды, тұтас ауылдармен, елді мекендер су астында қалды. Бұл қиындық біздің ауданды да айналып өткен жоқ, дегенмен сіздердің дұға-тілектеріңіздің, өздеріңізбен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде ауданымыз көп зардап шеккен жоқ.
Бүгін Ораза айт күні бізде сіздермен бірге жаратушы Алладан еліміздің амандығын, уақытша қиындықтан халықтың тездетіп шығуын, ұрпақтарымыздың болашағының жарқын болуын тілейміз.
Өздеріңізге белгілі ораза ұстау – мұсылманның бес парызының бірі. Мұсылман ораза ұстап, ауыз бекіткенде имандылыққа бет бұрады, тәубеге келеді, жаман істерден бойын аулақ ұстайды, қылмыс – қиянатқа бармайды, яғни адам рухани жағынан да тазарады. Сіздердің 30 күн оразадағы оқылған дұға тілектеріңіз жақсылықтың бастауы болсын.
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан Ораза айт әрдайым жақсылық пен береке бірлікке бастай берсін. Баршамыз айттан – айтқа аман-есен жете берейік. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Әр шаңырақ шаттық пен қуанышқа бөленсін.