Аудан әкімінің есептік кездесулері басталды
Аудан әкімінің кезекті есептік кездесуі Қарақобда ауылдық округіндегі Құмсай, Ерназар ауылында өтті. Кездесуге жиналған тұрғындар Ерназар мен Құмсай ауылдарының арасындағы көпір туралы сөз қозғады. Көпірдің жайы жөндеуді қажет етеді. Соған байланысты Нұрбол Бақытжанұлы ауыл әкіміне тиісті жұмыстарды дайындауды тапсырды. Қажетті қаражатты есептеп, мүмкіндігіне қарай жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылатынынатап өтті.
Ауылдағы өзекті мәселелердің бірі — қыстағы жол қатынасы. Биылғы жылғы қардың қалыңдығы көптіәбігерге салды. Соған сәйкес, Нұрбол Бақытжанұлы жауапты мердігерлердің жұмысын бақылауда ұстау керектігін сөзге тиек етіп, ауылдық округ әкіміне ескерту айтты. Сонымен қатар, жауапты мердігерлермен кездесіп, сөйлесетінін жеткізді.
Келесі есептік кездесуді өткізу үшін аудан әкіміЕрназар ауылына барды. Әдеттегідей, тұрғындармен жүздесіп, ағымдағы жылы атқарылатын жобалар мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
Тұрғындар өз тарапынан санитарлық тазалықты ұйымдастыру, ауылдағы иесіз тұрған үйлер, ағаштарды кесу туралы ұсыныстарын білдірді. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруды Нұрбол Бақытжанұлы ауыл әкіміне тапсырды. Кездесу соңында тұрғындар аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға сәттілік тіледі.
Есептік кездесу кестесіне сәйкес аудан әкімі Нұрбол Ержанов Ақай ауылдық округіне барып, ауыл тұрғындарының талап-тілектерін тыңдады. Ауыл тұрғындары мен бірқатар бөлім басшылары қатысқан кездесуде ауданда, оның ішінде Ақай ауылдық округінде атқарылған жұмыстар мен жоспарланған жобалар туралы айтылды.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан интернет жүйесінің төмендігі, иесі көшіп кеткен тұрғындардың үйлерін өзге жағдайы төмен отбасыларға беруді қарастыру, білім ордасындаістен шыққан бейне бақылау камераларын қайта іске қосу туралы мәселелер кеңінен қозғалды. Қойылған сұрақтарға қатысты аудан әкімі жоспарланып отырған жобалар туралы төмендегідей ақпараттар айтып өтті:
—Ауылдық округте бірнеше жылдан бері билайн байланыс желісі жұмыс жасайды. Бірақ, бүгінгі таңда ауыл бойынша интернеттің сапасы төмендеген. Әсіресе, бұл жағдай мектеп оқушылары мен ұстаздарға үлкен кедергі келтіруде. Бұл мәселе бойынша Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасына хат жолданып, байланыс жүйесінің жылдамдығын арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі, — деді аудан әкімі.
—Ауыл ішінде орналасқан 5 тұрғын үй жоғарыда аталғандай «Парижская Коммуна» ЖШС тиесілі. Бүгінде бұл үйлер кепілдікке қойылып, пайдалану мүмкіндігінен айырылып отыр. Сол себепті, ол үйлерді тұрғындарға беруге болмайтындығы ескертілді, — деді Ақай ауылдық округ әкімі Баймұрат Жаналин.
Сонымен қатар, білім беру ұйымында істен шыққан бейне бақылау камераларының жұмысын қайта жандандыру үшін білім бөліміне тапсырма берілетінін айтқан аудан басшысы, көтерілген сұрақтардың жауапсыз қалмайтынын алға тартты.
Биыл көктемде орын алған су тасқыны кезінде Ақай-Көлтабан ауылдарынының арасындағысуағарлар апаттық күйде қалған болатын. Соған сәйкес, аудан басшысы ағымдағы жылы екі ауылдың арасына жаңа суағарлар салынатынын айтты.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан мал жайылымдары және құрылыс жұмыстары мен шаруашылық жүргізу үшін алынған жерлерді негізгі мақсатта пайдалану бойынша ұсыныс-тілектер айтылды. Жиыннан соң Нұрбол Бақытжанұлы жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдады.
Мәншүк САПАРОВА