Аз қамтылған отбасылар үшін қолдау
Тұрғын үй көмегі — әлеуметтік қолдаудың маңызды нысаны. Бұл көмек түрі Алға ауданында аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерді төлеу жүктемесін азайту мақсатында тегін негізде беріледі. Әлеуметтік көмекті тағайындау 2023 жылғы 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің №117 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Кімдерге және қалай беріледі?
Тұрғын үй көмегі Алға ауданында тұрақты тұрып жатқан және табысы белгіленген деңгейден төмен отбасыларға ұсынылады. Әр отбасы бұл көмек түріне тоқсанына бір рет қана жүгінуге құқылы. Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жұмысы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы іске асырылады.
Қызмет алу үшін өтініштер екі жолмен қабылданады:
- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы;
- «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы.
Қажетті құжаттар тізімі
Өтініш беру үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет:
Мемлекеттік корпорацияға:
- Нысан бойынша өтініш;
- Өтініш берушінің жеке куәлігі;
- Отбасының табысын растайтын құжаттар;
- Жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз ретінде тіркелгенін растайтын құжат;
- Балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;
- Банктік шоты;
- Коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
- Телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе шарт көшірмесі;
- Жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген шот.
Электрондық үкімет веб-порталына:
- Электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған сұрау салу;
- Отбасының табысын растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;
- Жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз ретінде тіркелгенін растайтын анықтаманың электрондық көшірмесі;
- Балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі;
- Коммуналдық қызметтер шоттарының электрондық көшірмесі.
Қызмет көрсету мерзімі
Өтініштерді қарау және шешім қабылдау 8 жұмыс күнін қамтиды. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі — тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабарлама немесе бас тарту туралы дәлелді жауап.
Қосымша ақпарат қайдан алынады?
Тұрғын үй көмегі бойынша толық ақпаратты Алға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің №107 кабинетінде алуға болады. Сондай-ақ, 871337 41206 сенім телефонына хабарласуға немесе Алға қаласы, А.Байтұрсынов көшесі 20 мекенжайындағы «Әкімдік азаматтар үшін» ғимаратына жүгінуге болады.
Әлеуметтік қолдау — қоғамның тұрақтылығына негіз
Алға ауданындағы тұрғын үй көмегі — аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін маңызды әлеуметтік қолдау. Бұл бастама жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қоғамдағы теңдікті нығайтуға бағытталған. Қажетті құжаттарды уақытында тапсырып, мемлекеттің қолдауын тиімді пайдалану — әр отбасының әл-ауқатын жақсартуға үлкен мүмкіндік.
К.Бекмурзина,
Алға аудандық жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы