Бәрі де отбасынан басталады
Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен 15 қыркүйек — Отбасы күніне орай «Отбасымен бірге кітап оқимыз» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті.
Бүгінгі біз өмір сүріп отырған ғасыр – ақпарат пен жаңа технологияның нағыз қарыштап дамыған кезеңі. Адам ойына жеп жеңіл қона қоятын, сананы улайтын қысқа видео, жасанды интеллект, әлеуметтік желілер қаптаған өмірде адамзат бұрынғыдай кітап оқуға ден қойып жүр ме деген сауал туындайды.
Академик-жазушы Сәбит Досанов: «Кітап – адам жанының шамшырағы. Ол жан дүниені жарықтандырады. Кітап оқымаған адам – рухани қараңғылықта қалған адам» — деп, кітаппен дос болудың адам үшін қаншалықты пайдасы бар екендігін дөп басып айтқан. Күнделікті кітап оқуды әдетке айналдыра білу де кез келгеннің қолынан келе бермейтіні рас. Себебі, қазіргі заманда көпшілігінің кітап оқуға уақыты бола бермейді. Бірақ адамға мәңгілік рухани азық сыйлайтын ең ұнамды әдетті қолға алып, жалғастыру ерліктің бірі дер едік. Әсіресе, ата-аналар үйде өздері қолдарына ұялы телефонның орнына кітап алып оқыса, өсіп келе жатқан бала көргенін жасайды, жақсылыққа ұмтылады. Бір сөзбен айтқанда, уақытты тиімді, әрі пайдалы өткізуге тырысады. Кітап оқуға деген қызығушылығы оянады.
Осындай мақсатты көздеп, оқырмандар арасында тәрбиелік мәні зор шара өткізген аудандық кітапхана ұжымының еңбегі зор. Кездесуге айтары бар, өнегелі әулеттердің өкілдері қатысты. Олардың қатарында Алға аудандық мүгедектер төрайымы Минбаева Рыскүл Реймбергенқызы, «Мерейлі отбасы» номинациясына ие болған Нұрымбетовтер әулеті, сонымен қатар «Кітапқа құштар отбасы» атты аудандық сайысына қатысып жүлделі орын алған Құрманияз Гайдар жұбайы Нұрмағамбетова Айсұлу отбасымен қатысты. Кездесуді «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Кубесова Динара Калимжановна ашып, отбасы — ұлттың өзегі, тәрбиенің бастауы, саналы ұрпақ тәрбиелеуде үлгілі отбасы мен парасатты ата-ананың рөлі ерекше екенін жеткізді. Қоғамда осындай өнегелі отбасыларды насихаттау, үлгі тұтудың өзектілігін атап өтті. Кеш қонақтары өздері оқыған кітаптарымен бөлісіп, оқырмандарға кітап оқуға кеңес берді.
«Отбасы — елдің тірегі» атты кітап көрмесін кітапханашы А.Жолманова таныстырды. Отбасы күніне арналған кездесу соңында мерекелік мадақтама ұсынып, естелік сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде өнегелі отбасылар осындай кездесулердің кейінгі ұрпаққа берері мол екендігін айтып, алғыстарын білдірді.
P.S: Ұлттық академиялық кітапхана деректеріне сүйенсек: Жастардың 60%-ы көркем әдебиет оқымайтынын айтқан, 70%-дан астамы ақпаратты тек әлеуметтік желілерден алатынын, 15-25 жас аралығындағы жастардың тек 14%-ы ғана кітапты үздіксіз оқитыны анықталды. Бұл, әрине қуантарлық жайт емес. Адам кітап оқу арқылы ғана өз деңгейінде дамып, өзгеше ойлап, әлемді басқа көзбен көре алады. «Артық білім кітапта» демекші, күніне ең болмаса 10 беттен кітап оқып тұрғанның өзі айтарлықтай жетістік дер едік. Сол себепті, ағайын! Кітаппен дос болайық! Кітап оқу дәстүрін әрбір отбасы қолдап, қолға алса нұр үстіне нұр.
Марал САНДЫБАЙ