Бағаналар ауыстырылуда
Тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде маңызды мәселе ретінде қарастырылып отырғаны белгілі. Олай дейтініміз, электр энергиясымен қамтамасыз етуге байланысты мұндай мәселелер ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтерде әлі де өз өзектілігін жойған жоқ. Бұл мәселеге жауапты аудандағы бірден-бір мекеме саналатын «Энергосистема» ЖШС-не қарасты аудандық электр желілерін тарату мекемесі дейтін болсақ, түрлі деңгейдегі жиындарда тұрғындар тарапынан мекеменің қызметіне қатысты шағымдар айтылып, мәселелер көтеріліп жататынын өзіміз де көріп жүрміз.
Ендігі кезекте солардың ең негізгілері ретінде электр желілеріне арналған бағаналардың тозуы, ішінара істен шығуын айтуымызға болады. Мұндай мәселе қала мен ауылдарға қатысты мәселе болғандықтан, тұрғындардың өтініші негізінде биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тапқалы отыр.
- Биыл бағаналарды ауыстыру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Атап айтқанда, Бестамақ ауылында 141 бағана, 4 км сым, Алға қаласы «Лиман» шағын ауданында 184 бағана, 6 км сым, Алға қаласы «Контрабак» шағын ауданында 112 бағана, 3,3 км сым, Нұрбұлақ ауылында 20 бағана, 7 км сым, Көктоғай ауылында 30 бағана, 4,5 км сым, Самбай ауылында 30 бағана, 8 км сым және аудан бойынша 4 қосалқы станциясында күрделі жөндеу: оның 3 — Қарақобда ауылында, 1 — Көктоғай ауылында жасалады, — деді мекеме басшысы Жандос Берікұлы.
P.S: Қазір электр энергиясындағы ақаулықтарды жойып, ауыл тұрғындарына электр қуатын беруде іркілісті болдырмау үшін мекеме тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр деуге болады. Әрине, мұның бәрі «Энергосистема» ЖШС басшылығының қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар бірінші кезекте тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету ісін біржола ілгерілетеді деген сенімдеміз.
Маншук САПАРОВА