Бала тәрбиесі – ұлт болашағының өзегі
Ұлттың ұлы мұраты – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгі жаһандану дәуірінде бала тәрбиесі, рухани құндылықтар мен ұлттық болмысты сақтау баршамыздың ортақ борышымыз. Осындай өзекті тақырып аясында Алға ауданында ел ішінде абыройлы, қаламы өткір, сөзі өсиетке толы тұлға – ҚР Журналистер одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің және республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының директоры Сәуле Мешітбайқызымен кездесу өтті. Бұл басқосу – рухани тәрбиенің мәнін ұғындырған, еліміздің ертеңі үшін ой қозғаған тағылымды жүздесу болды.
Жиынды Алға ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин жүргізіп, кездесудің маңыздылығына тоқталды. Шараға ауданымыздың жастары, мектеп директорлары мен ұстаздар, ардагерлер және аналар кеңесінің мүшелері, аудандық аурухана қызметкерлері қатысты.
«Бала тәрбиесі мен ұлттық болмыс – біздің болашағымыздың темірқазығы», — деді Сәуле Мешітбайқызы өз сөзінде. Қаламгер ұлттың рухани тұтастығын сақтау, отбасының рөлін күшейту, аналардың жауапкершілігі мен ұрпақ тәрбиесіндегі баспасөздің ықпалы туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі ақпараттық заманда ұлттың ұяты мен ұрпағының санасын сақтау — әр ата-ананың, әр ұстаздың борышы.
Кездесуге арнайы келген ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы да мінберден сөз сөйлеп, балалар әдебиетінің тәрбиелік маңызы туралы әсерлі ой қозғады. «Бүгінгі бала — ертеңгі елдің айнасы. Сондықтан баланың жүрегіне жылылық пен мейірімділік ұялату ең әуелі сөз өнерінен басталады», — деді ақын.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан да келелі пікірлер айтылды. Ізтай Мәмбетов атындағы аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Ақшолпан Ізтлеуова оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырудың жолдарын атап өтсе, аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің редакторы Мадина Тажибекова гаджет дәуірінде баланы газет-журнал оқуға үйретудің өзектілігіне тоқталды. Ал аудандық білім бөлімінің әдіскері Әлия Мыңжасарова білім беру саласында жүйелі түрде жүргізіліп жатқан тәрбие және танымдық іс-шаралар жайында баяндап, ұрпақ тәрбиесі бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар ұлттың рухани дамуы мен жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосып жүрген Сәуле Мешітбайқызы мен Дәулетбек Байтұрсынұлына алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Бұл тағылымды жүздесу – ұлттық сана мен отбасы құндылығын дәріптейтін, өскелең ұрпаққа бағыт берер рухани сабақ болды.
Ұлттың ұлағаты – ұрпақ тәрбиесінде, ағайын!
Мадина ТАЖИБЕКОВА