Балабақша – балалардың мөлдір бұлақтай сыңғырлаған күміс күлкісінің, алаңсыз пәк сезімінің, шат – шадыман қуанышының мекені. Балалардың жан-жақты дамуына, көзқарастарының кеңейе түсуіне осындай шаралардың маңызы зор. Балаларға Жаңа жыл мерекесі туралы ақпарат беріп, жақсылық пен жамандықтың айырмашылығын түсіндіру мақсатында  Алға қаласының №4 бөбекжай балабақшасының «Еркетай» тобында «Қош келдің, жаңа жыл!» атты ертеңгілігі өтті. Мерекелік кештің шымылдығы Аққаланың әуендетіп кіруімен ашылды. Ортада шеңбер құрып Аққаланы қарсы алған Қоян жылы мен «Еркетай» тобының балақайлары өнерлерін ортаға салды.  Аққала, Аяз ата мен Ақшақар балалардың өнерін тамашалады. Бүлдіршіндердің бірі бұлбұлша сайрап ән айтса, енді бірі тамсандырып би биледі. Жиналған көрермендер тәтті балақайлардың бойларындағы қарым-қабілеттеріне ерекше қуанды. Сондай-ақ, өлең шумақтарын жатқа оқыған бүлдіршіндер Жаңа жыл туралы сырға толы өлеңдерін мерекені тамашалауға келген қонақтарға мәнерлеп оқып берді. «Санталар» биімен ортада айнала билеген бүлдіршіндер нағыз биші екендіктерін көрсетті. Қазақ ертеден-ақ өнерлінің өрісі кең деп, еңбекқор жанды бағалап, өнерін ұлықтап, шығармашылық жұмысы сарқылмасын деп ерекше құрметтеген. Өнерімен талайды өзіне баурай білген бүлдіршіндердің болашағы жарқын. Кеш соңында тәрбиешілер балақайларға биік шыңдарды бағындырып, қонар тұғырлары биіктей берсін деген тілек білдірді. Балаларға қолдау көрсеткен ата-аналарға да алғыс айтылды.

Мадина БОЛАТБЕК