Балаларды өрт қауіпсіздігіне үйретейік
Қазіргі қоғамда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндеттердің бірі. Балалар әрдайым ересектердің бақылауында бола бермейді: үйде жалғыз қалады, далада ойнайды, қонаққа барады. Осындай сәттерде өрт қаупі туындаса, олар не істеуі керек екенін білмесе – қайғылы жағдайға душар болуы мүмкін.
Статистика көрсеткендей, балалардың қатысуымен болатын өрт оқиғалары мен олардан келетін зардаптар азаймай тұр. Сондықтан балаларды өрт қауіпсіздігіне ерте жастан бастап үйрету – аса маңызды. Баланың оттың қауіпті екенін, ауыр жарақат әкелетінін және адам өмірін жалмауы мүмкін екенін түсінгені жөн. Бұл – қорқыту емес, сақтыққа тәрбиелеу.
Бала өрт кезінде не істеу керектігін нақты білуі тиіс:
- Өрт шықса, дереу «101» нөміріне хабарласу;
- Жану ошағы кішкентай болса – сөндіруге тырысу, ал қауіпті болса – шұғыл сыртқа шығу;
- Түтін басқанда еденге еңкейіп, ауыз-мұрынды дымқыл мата арқылы жауып, еңбектеп шығу;
- Тығылуға болмайтынын, бұл әрекет өрт сөндірушілердің табуын қиындататынын түсіну.
Үлкендердің міндеті – бұл ережелерді балаларға түсінікті тілмен жеткізу, қажет болса ойын түрінде меңгерту. Білім мен байсалдылық – қауіптен құтылудың басты жолы.
Сондай-ақ әрбір ересек адамның есінде болуға тиіс:
- Егер өрт басталса, терезе мен есікті ашуға болмайды – ауа ағымы жалынды күшейтеді;
- Электр құрылғылары жанып жатса, оларды су құйып сөндіруге болмайды – жарылу қаупі бар;
- Қатты түтін тараған жағдайда балконға шығып, көмек шақыру қажет;
- Жанып жатқан ғимараттан алдымен балаларды, қарттар мен мүгедектерді шығару керек.
Түтін – өрттен де қауіпті. Ол жоғарыға көтеріледі, сондықтан жорғалап, еденмен қозғалған дұрыс. Киімге от тисе, жерге жатып аунау арқылы немесе көрпемен жабу арқылы сөндіруге болады.
Өртті алғашқы минуттарда сөндіре алмасаңыз – өз өміріңізді қауіпке тікпеңіз. Қауіпсіздікке бейжай қарамау – өзіңді ғана емес, өзгелерді де аман алып қалуға себеп болады.
Өрт – күтпеген, бірақ алдын алуға болатын апат.
Балаңызбен өрт қауіпсіздігі туралы сөйлесуді бүгіннен бастаңыз!
Алға ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі