Балаларға қуаныш сыйлаған акция

 Жаңа оқу жылы – әрбір отбасы үшін үлкен жауапкершілік пен толқыныс кезеңі. Әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін баланы мектепке даярлау оңай шаруа емес. Осындай сәтте қоғамның бірлігі мен жанашырлығы ерекше сезіледі.

 «AMANAT» партиясы жыл сайын дәстүрге айналған «Баланы мектепке даярлайық!» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын өткізіп келеді. Биыл да игі бастама өз жалғасын тауып, партияның аймақтық филиалдарының қызметкерлері, партия депутаттары мен бастауыш партия ұйымдарының мүшелері белсене атсалысты.

Акция аясында аудандық мәслихат депутаттары М.Тулеуов, Д.Кубесова, Н.Давлетов, А.Тулегенова әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларға мектеп формасы мен кеңсе тауарлары салынған мектеп сөмкелерін табыстады. Бұл – қарапайым сыйлық қана емес, бүлдіршіндердің қуанышына қуаныш қосқан, жаңа оқу жылына деген ынтасын арттырған нағыз қамқорлықтың үлгісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетуді басты бағыттардың бірі ретінде атап өтеді. Ал «AMANAT» партиясының бұл бастамасы – Президент саясатын жүзеге асырудың айқын дәлелі.

«Баланы мектепке даярлайық!» – бір реттік акция емес. Бұл – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға, қоғамда әлеуметтік әділеттілікті орнатуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Жақсылық жасаған сайын қоғам да мейірімге толы бола түседі. Бүгінгі мектепке жолдама алған бүлдіршіндер – ертеңгі елдің ертеңін қалыптастыратын жас ұрпақ.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА