Ақтөбе газетіне – 100 жыл

 Басты өңір баспасөзінің мерейтойы

20 желтоқсан күні «Ақтөбе» газеті өзінің ғасырлық тойын жоғары деңгейде атап өтті. Ғасыр тойына арнайылап еліміздің түкпір-түкпірінен құрметті қонақтар шақырылған. Оның ішінде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстанның құрметті журналисі Мейрамбек Төлепбергенов, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ақтөбе» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары Серікқали Байменше, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы, «Ақтөбе» газетінің бұрынғы бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы бар. Аталмыш мерейтойға Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің директоры Рашид Құсайнов, газет тілшісі Гүлім Кенешова қатысты.

Бағдарламаға сәйкес шараның басы облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрмемен бастау алды. Қатысушылардың назарына тарихы тереңде жатқан басылым туралы құнды деректер, құрал-жабдықтар, техника түрлері қойылған. Көрме барысында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп лебізін білдірді.

  — Құрметті ақтөбеліктер және «Ақтөбе» газетінің ұжымы! 100 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін міне, маңызы зор іс-шараның куәсі болып отырмыз. Бұл жай басылым емес. Бұл — иманды, ибалы, бойында намысы бар, тарихын білетін, білімді, парасатты, «Қазақ» деген атқа кір келтірмейтін ұрпақ, ұлт тәрбиелейтін басылымдардың бірегейі. Осы аталмыш газеттің дамуына үлес қосқан бүгінде көзі тірі ардагерлерімізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Ал кейінгі ізбасарларына сол ағалары салып кеткен сара жолды абыроймен жалғастырып, өсе берсін деген тілегім бар, — деді Сенат депутаты.

         Сонымен қатар мерейтой барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілі ел» конференц залында «Дәуір үні және бүгінгі баспасөз» ғылыми-практикалық конференциясы өткізіліп, көптеген келелі мәселелер қозғалды. Кейін мерекелік іс-шара Т.Ахтанов атындағы драма театрында концертпен өз жалғасын тапты. Облыс әкімі Асхат Шахаров ғасырлық тойымен өңір басылымының қарашаңырақ ұжымын құттықтап, газеттің үздік қызметкерлерін марапаттады. Мерекеде шырқалған ән мен күй, мың бұралған билер көрерменге ерекше әсер  сыйлады. Өңір халқын шынайы ақпаратпен құлақтандырып, ұлттық құндылықтарымызды мәңгі сақтай білетін «Ақтөбе» газетінің ұжымына Біз де өз тарапымыздан шалқар шабыт, биік белестер тілейміз! Басылымды асыға күтетін оқырмандарыңыз көбейе берсін!

«Жұлдыз-ақпарат»