Батылдық пен адалдықтың мерекесі
Күнделікті өмірдің тыныштығы мен қауіпсіздігі – әрбіріміз үшін ең қымбат құндылықтардың бірі. Бірақ сол тыныштықтың артында өз өмірін қатерге тігіп, елдің амандығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушылардың қажырлы еңбегі жатыр. 19 қазан – Құтқарушылар күні, еліміздің әр өңірінде батырлық пен ерліктің, жауапкершілік пен адамгершіліктің мерекесі ретінде атап өтіледі.
Осыған орай Алға ауданы әкімдігі ғимаратында мерекелік шара ұйымдастырылып, ел қорғаны, халық қауіпсіздігінің сақшылары сахна төрінен табылды. Ауданымыздың құтқарушылары мен өрт сөндірушілері құрметке бөленген салтанатты жиын «Құтқарушылар» әнімен ашылып, көрермен қауым бейбіт өмірдің сақшыларына шынайы алғысын білдірді.
Мерекелік іс-шараның ашылуында жүргізуші Қазақстан Республикасында құтқарушылар күні 1995 жылы Президент Жарлығымен бекітілгенін атап өтті. Бүгінде бұл күн — төтенше жағдайлар саласында қызмет атқарып жүрген азаматтардың кәсіби мерекесі. Аудан әкімі Асланбек Серікұлы Шүйіншәлиев салтанатты жиында құтқарушылардың еңбегін жоғары бағалады. Аудан әкімі сөзінде бұл мамандықтың аса жауапты әрі қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, аудан тұрғындары атынан ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Асланбек Серікұлы сала мамандарына қызмет барысында көрсеткен адал еңбектері мен азаматтық ерліктері үшін алғысын білдіріп, кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады.
Ерлер еңбегі – ел айбыны
Мереке барысында ауданымыздың үздік қызметкерлері марапатқа ие болды.
Марапатталғандардың қатарында:
- №6 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, капитан Сырымов Ерболат Нұрболатұлы;
- өрт сөндіруші, аға сержант, азаматтық қорғаныс қызметінің қызметкері – Қазбеков Әлібек Ғарибуллаевич;
- №6 өрт сөндіру бөлімінің сөндірушісі, кіші сержант, азаматтық қорғаныс қызметінің қызметкері — Қазымов Әділет Қазымұлы;
- №6 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, сержант, азаматтық қорғаныс қызметінің қызметкері — Қанатбаев Асылхан Дарханұлы;
- №6 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, кіші сержант, азаматтық қорғаныс қызметінің қызметкері — Әкімағали Мейрамбек Мұратұлы;
- №6 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, кіші сержант, азаматтық қорғаныс қызметінің қызметкері — Тағаниязов Шыңғыс Нұрдәулетұлы;
- №6 өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері, аға сержант, азаматтық қорғаныс қызметінің қызметкері — Сайманов Берік Адайбаевич;
- Бестамақ ауылдық округінің өрт сөндіру бекетінің бастығы — Кенетаев Сабыржан Ерболатович;
- Қарағаш өрт сөндіру бекетітінің аға өрт сөндірушісі — Касенгалиев Кайрат Касенгалиевич;
- Есет батыр ауылының өрт сөндіру бекетінің өрт сөндірушісі — Хасам Бауыржан сынды азаматтар бар.
Олардың әрқайсысы — өз ісінің шебері, ел тыныштығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп жүрген батырлар.
Шара барысында аудан өнерпаздары да өз тартуын ұсынды. Аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы «Жігіттерге өсиет», «Ерлердің ісі бітер ме?», «Құтты ұям» әндері көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар, «Қазақстаным» және «Құтқарушылар» әндері мерекелік кештің шырайын келтірді.
Ел амандығы – ер еңбегімен өлшенеді
Салтанатты шараның қорытынды бөлімінде жүргізуші аудан тұрғындары атынан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға алғыс білдіріп:
- – Сіздер — бүгінгі заманның батырлары. Адам өмірін сақтау — ең ұлы іс. Қызметтеріңіз жас ұрпаққа үлгі болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! — деп түйіндеді.
Бүгінгі күні құтқарушылардың еңбегі — қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі. Олар апаттың алдын алып, қиын сәтте көмекке ұмтылатын жандар. Сондықтан Құтқарушылар күні – тек кәсіби мереке емес, адамгершіліктің, ерліктің және елге адал қызмет етудің символы.
Осындай мерекелік кездесулер — тек құрмет көрсету рәсімі емес, сонымен қатар азаматтардың еңбегін бағалау, жас ұрпақтың бойында ерлік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырудың жарқын үлгісі. Алғалық құтқарушыларға ел ықыласы мен халық алғысы – ең үлкен марапат.
Жұмагүл САГИМБАЕВА