Бауыр ауруы – бейқамдықтың салдары
Бүгінде адамзат баласының денсаулығына қауіп төндіріп отырған індеттердің бірі – вирустық гепатит. Әлем бойынша миллиондаған адам осы бір күрделі дертпен бетпе-бет келіп, оның зардабын шегіп жатыр. Көпшілікке беймәлім, бірақ аса қауіпті бұл ауру жай ғана бауыр ауруы емес – бұл өмір мен өлімнің ортасындағы нәзік шекара.
Адам ағзасында бауырдың алатын орны ерекше. Ол тек ас қорытумен шектелмей, денедегі улы заттарды сүзгідей тазалайтын табиғи фильтр. Алайда, вирустық гепатиттер — әсіресе В және С түрлері — дәл осы бауырды көздейтін, жасырын жүріп, соңында ауыр зардаптарға соқтыратын сырқаттар.
«В» вирустық гепатиті — қоздырғышы «В» гепатитінің вирусы болып табылатын жұқпалы ауруы, әртүрлі клиникалық нұсқада жүргізіледі. Вирус әртүрлі физикалық және химиялық факторлармен ерекшеленеді. Бөлме температурасындағы сыртқы ортада тіпті ұстараның жүзінде, ине ұшында, кепкен, тіпті, білінбейтін қан дағында бірнеше апта сақталып қалуы мүмкін.
«С» вирустық гепатиті — қоздырғышы «С» гепатиті вирустық гепатиттің ең ауыр түрі немесе посттрансфузиялық гепатит болып есептеледі. Бұл инфекция кез келген адамда дами алады және көбінесе жастарда кездеседі. Ауру өседі. Ауру көбінесе қан арқылы жұғатындықтан, посттрансфузиялық гепатит деп аталады.
Қазіргі кезде барлық донорлық қан міндетті түрде «С» гепатитінің бар-жоқтығына тексеріледі.
«В» және «С» гепатиттері вирустарының негізгі берілу жолдары:
- жыныстық қатынас жолымен;
- қоздырғыш енген қанды құю;
- вирусты жұқтырған ананың жүктілік кезінде, босанған, емізген уақытта балаға жұғуы мүмкін;
- қоздырғыш енген медициналық аспаптарды қолдану;
- вирустық гепатитпен ауыратын науқастардың тұрмыстық заттарын пайдаланған сәтте (тіс щеткалары, майлықтар, ұстаралар).
Вирустық гепатит жіті және созылмалы клиникалық белгісі болады. Жіті вирустық гепатит аурудың бірнеше айға дейін созылатын түрі, ал созылмалы вирустық гепатит бауырдың алты және одан да көп айға созылатын қабынған ауыру түрі. Созылмалы түрі өз бетімен дамуы немесе емделмеген жіті вирустық гепатиттің жалғасы болуы мүмкін.
Созылмалы вирустық гепатиттің көрініс табуы, әдетте, кезеңдік болып келеді. Созылмалы гепатит жасырын күйде болып, клиникалық байқалмауы мүмкін және оның алғашқы белгілері мыналар болып табылады:
- бауыр көлемінің ұлғаюы;
- іштің ауырлығы немесе жайсыздық (бауыр орналасқан оң жақта);
- оң жақ қабырға астының сыздап ауыруы, майлы тағамның жақпауы және т.б.;
- әлсіреу және шаршау;
- тәбеттің болмауы, жүрек айнуы;
- кіші дәреттің күңгірттенуі;
- үлкен дәрет түсінің өзгеруі (ашық бола бастайды);
- терінің және көз ағының сарғыштануы (сары ауру);
- «бауыр белгілері» — дене және көз терісінің жұлдызша түріндегі капиллярлардың кеңеюі, «бауырлық алақандар» — алақандардың қызаруы;
- қан ұюының бұзылуы, мұрыннан қан кету және көгерулердің оңай пайда болуы.
Гепатит – алдын алуға болатын ауру. Ең бастысы – санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау, тазалыққа мән беру, екпе алу, күмәнді медициналық немесе косметикалық қызметтерден бас тарту. Кез келген күдікті белгіде дәрігерге көрінуді кейінге қалдыруға болмайды.
Бүгінгі таңда гепатитпен күрес — тек дәрігерлердің емес, барша қоғамның міндеті. Әр азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, аурудың алдын алуға күш салса – болашақ ұрпақтың амандығына жол ашылады. Ендеше, ұлт саулығы үшін – сауаттылық, тазалық және жауапкершілік қажет.
Ә.Исабай,
Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқарма басшысының м.а.