Белсенді қарттықтың үлгісі
Зинеш Сергалиева – жастарға үлгі боларлық еңбекқор жан. Өзінің өмір жолында отбасының құндылықтарын басты орынға қойған. Қасапшы және ас беруші болып еңбек еткен Зинеш апай, сонымен қатар, қолөнер арқылы шеберлігін танытып, көрпешелер тігіп, отбасылық құндылықтарды насихаттайды. Белсенді өмір сүру орталығында өткізген әр күн, оған жаңа достар тауып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сергалиева Зинеш Мажекеновна — өмірінің көп бөлігін еңбекпен өткізген, жастарға үлгі боларлық тұлға десек те қате болмас. 1951 жылдың 1 қаңтарында Талдысай елді мекенінде дүниеге келген ол, 1956 жылы отбасымен Қандығашқа қоныс аударуына байланысты мектеп қабырғасын да сол жақтан тәмамдаған. Зинеш Сергалиева көп балалы үйден, қарапайым отбасынан шыққан.
- 1968 жылы Ембі қаласында ет комбинатында қасапшы болып жұмыс жасадым. Бұл тәжірибе маған жан-жақты болуға және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуыма мүмкіндік берді. Кейінгі уақытта Ембі қаласынан Мақатқа көшіп, асханада қызмет еттім, 1972 жылы Алға қаласында Амангелді Сергалиевке тұрмысқа шығып, отбасын құрдым, — дейді Зинеш апа.
Зинеш апайдың еңбек жолы Алға қаласында жалғасады. Ол тұрмысқа шыққаннан кейін перзентхана бөлімінде ас беруші болып қызмет етеді. Кәсібінде шеберлігі мен еңбекқорлығы арқасында өзінің ісіне адал қызмет етіп, 30 жыл жұмыс жасап зейнеткерлікке шығады.
- Менің қолөнерге жақындығым бар. Құрақ құрап, көрпешелер тігуді ұнатамын. Әрбір туындыма өзімнің жаным мен сезімімді саламын. Көрпешелерім арқылы жылы сезімім мен отбасылық құндылықтарымды жеткізгім келеді, — дейді Зинеш Мажекеновна.
Амангелді ағамыз екеуі шаңырақ көтергеніне 50 жылдан астам уақыт болса да бүгінде көпке үлгі болар отбасы болып отыр. Зинеш апамыз екі құрсақ көтерген. Жолдасы Амангелді Сергалиев бірнеше жыл бойы машинст болып қызмет еткенін де айта кетті. Нағыз еңбегі сіңген қарттарымыз десек те болады.
- Қаламыздағы белсенді өмір сүру орталығы ашылғалы осы жаққа келемін. Бұл жақта қолөнер бөлімінде қасымдағы қыз-келіншектермен, үлкен апайлармен бәріміз көрпе тігіп, құрақ құраймыз. Таңертен таңғы жаттығу жасап, денсаулығымызды шынықтырамыз, — дейді Зинеш апамыз.
Белсенді өмір сүру орталығы бүгінде Алға қаласы мен ауылдық округіндегі қарттарымыздың жиналатын орталығына айналды. Бұл орталықта әр күн жаңа тәжірибе мен жағымды эмоцияларға толы. Белсенді өмір сүру орталығы — адамдарға денсаулықты сақтау, белсенділікті арттыру және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға мүмкіндік беретін орын. Мұнда түрлі бағдарламалар, тренингтер, спорттық шаралар және әлеуметтік кездесулер ұйымдастырылады.
Гүлім КЕНЕШОВА