Бесқоспаға жол тартылуда

Аудан бойынша бірқатар маңызды жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде, ауылдық жердегі жолдардың сапасын арттыруға бағытталған жобалар ерекше назарға алынған. Қазіргі таңда ауылішілік жолдарды жөндеу мен жаңарту жұмыстары белсенді түрде іске асырылуда. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының көлік қатынасын жеңілдетіп, жолдардың сапасын едәуір жақсартады. Ауылдық жолдардың жөндеу жұмыстары аясында асфальт, қиыршық тас төсеу және жол негізін нығайту сияқты маңызды жұмыстар жүргізілуде.

Есет батыр Көкіұлы Мемориалды кешенінен Бесқоспа ауылына дейінгі 1 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айының бірі күні бастау алған жоба қыркүйек айының соңында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Алға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бұл жобаны іске асырумен айналысатын мердігер мекеме ретінде «DEN-Group Plus» ЖШС белгіленген. Жалпы жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 77 млн теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта жолдың сапасын арттыру мақсатында асфальт жабындысының астына төсеуге арналған негізді дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл процесс қиыршық тас, яғни шебень және ПГС (ұсақ түйіршіктер) төсеуді қамтиды.

  • Жобаның аясында жол екі түрлі қалыңдықтағы асфальт жабындысымен жабылуы жоспарланған. Қазіргі таңда жобаның негізгі кезеңі қамтылуда. Жұмыстардың сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда, — деді бөлім басшысы Қуандық Қалабайұлы.

 

Мәншүк ӨМІРХАНҚЫЗЫ