«Біз керемет әсер алдық»: сайлау комиссияларының жұмысын жоғары бағалады.
Филиппин сайлау комиссиясының халықаралық бақылаушысы Ховенсио Баланкуит Қазақстандағы республикалық референдумның ұйымдастырылуы мен өткізілуін оң бағалады. Оның айтуынша, дауыс беру өте ұйымдасқан, ашық және мөлдір түрде өтті.
«Біз Филиппин Республикасының сайлау комиссиясының өкілдері ретінде Қазақстандағы референдумға қатысуымызға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіреміз. Дауыс беру процесі өте ұйымдасқан, тыныш және ашық өтті»,- деді Баланкуит.
Бақылаушы әртүрлі азаматтардың, соның ішінде дауыс беруге келе алмайтын топтардың қатысуына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
«Қазақстанның сайлау комиссиясы осал топтарға, сондай-ақ үйде дауыс беруге мұқтаж азаматтарға арнайы шаралар жасап, олардың құқықтарын қамтамасыз етті», — деді ол.
Сонымен қатар, Баланкуит сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсібилігі мен дайындық деңгейіне тәнті болғанын жеткізді.
«Мен сайлау учаскелерінде жұмыс істеген комиссия мүшелерінің шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне қатты әсер алдым. Қазақстандағы сайлау процесінде көптеген инновациялар қолданылып отыр, бұл туралы біз өз еліміздегі сайлау комиссиясы басшылығымен талқылаймыз», — деді ол.
Ховенсио Баланкуит дауыс санау процесінің ашық әрі бақылаушылар қатысуымен өткізілгенін де атап өтті.
«Біз дауыс санаудың ашық және мөлдір түрде өтіп жатқанын көрдік, бақылаушылардың белсенділігі де ерекше. Онымен сөйлескенде, олардың үнемі ынтамен жұмыс істейтінін байқадық», — деп толықтырды ол.
Соңында бақылаушы Қазақстан Орталық сайлау комиссиясын сәтті референдум өткізгенімен құттықтап, Филиппин тарапынан бақылау миссиясына шақырғаны үшін алғыс білдірді.
«Біз 15 наурыздағы референдумды сәтті өткізгені үшін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерін шын жүректен құттықтаймыз. Сонымен қатар, біздің елімізді осы сайлау процесін бақылауға шақырғандары үшін алғысымызды білдіреміз»,-деп қорытындылады ол.