Бізге 3 жыл!
Алғада Белсенді өмір сүру орталығы мерейтойын атап өтті
Алға ауданында қарттар күні қарсаңында ерекше рухани мәні зор шара өтті. «Алға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің «Алға аудандық Белсенді өмір орталығы» КММ ұйымдастырған «Бізге 3 жыл» атты бағдарлама қарттарға құрмет көрсетіп қана қоймай, тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
Мерекелік шара «Бақытты қарттық» жобасы аясында өтті. Бағдарламаның негізгі мақсаты – әр ауданнан келген орталық өкілдерін Алғадағы орталықтың қызметімен таныстырып, өзара ынтымақтастықты нығайтып, алдағы жоспарларды айқындау болды.
Таңғы сағат 9-да келген қонақтарды «Күз сыйы – молшылық кілті» атты көкөністер шеруі қарсы алды. Бұл бөлімде Алғадағы орталықтың қарттары өз өнерлерін паш етті: ән шырқап, би билеп, жиналғандарға шаттық сыйлады. Табиғаттың берекесі мен ауыл еңбегінің жемісі көрініс тапқан бейне әрбір жанды жылылыққа бөледі.
Шараға Алға ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Канғужин мен Алға аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Бекжан Аппазов арнайы қатысып, қарттарға жүрек жарды лебізін білдірді. Олар орталық жұмысына сәттілік тілеп, үлкендерге деген қамқорлықтың қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Бағдарламаның екінші бөлімі шеберлік сағаттарына арналды. Қонақтар бет күтіміне арналған буккальды массаж, емдік және нүктелі массаж түрлерін тәжірибе жүзінде көрді. Сонымен қатар қолөнерден «Глициния – нәзіктік нышаны» атты әсем композициялар дайындалды. Ал фитнес-тренердің «Йога – рухани және физикалық тепе-теңдік» сабағы қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Түскі астан соң Ырғыз, Хобда, Мұғалжар, Әйтеке би, Темір, Шалқар аудандарынан келген қонақтар жақында ашылған «Жадыра» отбасын қолдау орталығында дөңгелек үстелге қатысты. Шара барысында жаңа серіктестік пен кәсіби байланыс туралы слайд таныстырылып, тиімді ұсыныстар талқыланды. Жергілікті кәсіпкер Райхангүл Жампейсова «Ұлы дала сусыны – көже» брендін ұсынып, көженің түрлерімен таныстырды.
Бұл кездесу өзара ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы тың идеяларға жол ашты.
P.S.: Іс-шараны «Белсенді өмір сүру орталығының» директоры Бақыт Қарағұлқызы Ерғалиева жүргізді. Ол орталықтың үш жылдағы атқарған жұмысына тоқталып, қоғамдағы маңызын атап өтті. «Біздің басты мақсатымыз – қарттарымыздың өмір сапасын арттырып, белсенді өмір сүруге жағдай жасау», – деді ол.
Бұл басқосу қатысушыларға тек мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, алдағы жоспарларға серпін берді. Белсенді өмір сүру орталығы өзін қарттардың шынайы қамқоршысы әрі қоғамдағы маңызды әлеуметтік институт екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жұмагүл САГИМБАЕВА