Ботулизм қатерлі дерт
Ботулизм — құрамында ботулизм бактерияларының уы бар тағам өнімдерін пайдаланудың нәтижесінде орталық нерв жүйесінің зақымдалуымен қоса ағзаның уыттануымен сипатталатын жұқпалы ауру (Clostridium botulinum). Қоздырғыштардың тұрақты мекендеу ортасы топырақ болып табылады, топырақтан саңырауқұлаққа, жаңа піскен көкөністерге, жемістерге, суға, тағам өнімдеріне, малдың жеміне, содан соң барып жануардың ішегіне түседі.
Қыстың қамын жаздыгүні ойлағандықтан біз көбіне көкөніс пен жеміс-жидектерден әртүрлі консервіленген өнімдер жасап аламыз. Дәмі тіл үйіретін осындай өнімдерді қыс бойы тұтынбайтын отбасы жоқ шығар. Алайда дәл осындай дұрыс дайындалмаған өнімдерді тұтыну салдарынан кейбір тұрғындар ботулизм ауруына ұшырайды.
Ботулизм ауруы көбіне өлімге әкеліп соғатын тағамнан улану, бактериалды ауру болып табылады. Бұл ауру тағам құрамында асқазан сөліне төзімді улы токсиннің болуымен маңызды болады. Қоздырғыш анаэробты жағдайда тіршілік етеді, яғни өмір сүру ортасында оттегі болмауы керек. Микроағзалар бөліп шығаратын токсин эпидемиологиялық маңызды болып табылады. Мұнда баса айта кету керек, тағамның дәмі, сыртқы түрі ешбір өзгеріске ұшырамайды, тек өте сирек кездесетін белгі-газ бөлінуіне байланысты қақпақтың көтерілуі. Ағзаға түскен токсиндер жүйке жасушаларында тұрып қалатындықтан, ағзадан бөліп шықпайды, бұл тыныс алу және жүрек жұмысының жеткіліксіздігінен өлімге әкеліп соғады. Аурудың ерте белгілеріне аз уақыт ішінде байқалатын гастроэнтерит симптомдары жатады (жүректің айнуы, құсу, бас ауру), бара-бара бұл ботулизм ауруына тән жүйке жүйесінің жұмысының бұзылу белгілеріне ауысады (көз еттерінің жансыздануы, қарашығының үлкеюі, заттарды екеуден көру-диплопия, жарыққа реакцияның болмауы, таңдай еттерінің, тамақтың, кеңірдектің жансыздануы, сөйлеудің афонияға дейін бұзылуы, жұту, шайнау актілерінің бұзылуы және т.б.).
Ауру тудыратын таяқшалар үй жағдайында технологиясы дұрыс сақталмаған көкөніс консервлері, атап айтқанда қияр, қызанақ, кәді (баклажан) өнімдерінен абай болу қажет. Сондай-ақ, жабық ысталған, кептірілген балық пен шұжықтарды да байқау керек.
Ботулизмнің алдын-алу мақсатында, халықтың назарын келесі мәселелерге аударғымыз келеді.
— көшеден үй жағдайында дайындалған консервіленген, қақталған тағамдарды сатып алмаңыздар;
— консервіленген тағамдарды жеудің алдында оның сақталу мерзіміне, сатылу мерзіміне және қақпақтың көтерілуінің бар-жоқтығына назар аударыңыздар;
-көкөністерді, жемістерді және саңырауқұлақтарды консервілеу кезінде оларды мұқият жуып, термиялық өңдеуден өткізу және залалсыздандыру тәртібін міндетті түрде сақтау қажет;
-тағамнан улануға күдіктенген кезде тез арада тиісті ем алу үшін дәрігерге қаралу керек, өз бетінше емделуге болмайды.
Н.Утегенов,
Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы