Қыстың қамын жаздыкүні ойлағандықтан біз көбіне көкөніс пен жеміс-жидектерден әр-түрлі консервіленген өнімдер жасап аламыз. Дәмі тіл үйіретін осындай өнімдерді қыс бойы тұтынбайтын отбасы жоқ шығар. Алайда, дәл осындай дұрыс дайындалмаған өнімдерді тұтыну салдарынан кейбір тұрғындар ботулизм ауруына ұшырайды.

Ботулизм ауруы көбіне өлімге әкеліп соғатын тағамнан улану, бактериалды ауру болып табылады. Бұл ауру тағам құрамында асқазан сөліне төзімді улы токсиннің болуымен маңызды болады. Қоздырғыш анаэробты жағдайда тіршілік етеді, яғни өмір сүру ортасында оттегі болмауы керек. Микроағзалар бөліп шығаратын токсин эпидемиологиялық маңызды болып табылады. Мұнда баса айта кететін жәйт,

  • тағамның дәмі,
  • сыртқы түрі ешбір өзгеріске ұшырамайды,
  • тек өте сирек кездесетін белгі-газ бөлінуіне байланысты қақпақтың көтерілуі.

Ағзаға түскен токсиндер жүйке жасушаларында тұрып қалатындықтан, ағзадан бөлініп шықпайды. Осыдан тыныс алу және жүрек жұмысының жеткіліксіздігі туып, өлімге әкеліп соғады.

Аурудың ерте белгілеріне аз уақыт ішінде байқалатын гастроэнтерит симптомдары жатады (жүректің айнуы, құсу, бас ауруы), бара-бара бұл ботулизм ауруына тән жүйке жүйесі жұмысының бұзылу белгілеріне ауысады (көз етінің жансыздануы, қарашығының үлкеюі, заттарды екеуден көру-диплопия, жарыққа реакцияның болмауы, таңдай етінің, тамақтың, кеңірдектің жансыздануы, сөйлеудің афонияға дейін бұзылуы, жұту, шайнау актілерінің бұзылуы және т.б.).

Ауру тудыратын таяқшалар үй жағдайында технологиясы дұрыс сақталмаған көкөніс консервілері, атап айтқанда қияр, қызынақ, кәді (баклажан) өнімдерінен абай болу қажет. Сондай-ақ, жабық ысталған, кептірілген балық пен шұжықтарды да байқау керек.

Ботулизмнің алдын-алу мақсатында халықтың назарын келесі мәселелерге аударғымыз келеді:

  • көшеден үй жағдайында дайындалған консервіленген, қақталған тағамдарды сатып алмаңыздар;
  • консервіленген тағамдарды жеудің алдында оның сақталу мерзіміне, сатылу мерзіміне және қақпақтың көтерілуінің бар-жоқтығына назар аударыңыздар;
  • көкөністерді, жемістерді және саңырауқұлақтарды консервілеу кезінде оларды мұқият жуып, термиялық өңдеуден өткізу және залалсыздандыру тәртібін міндетті түрде сақтау қажет;
  • тағамнан улануынан күдіктенген кезде тез арада тиісті ем алу үшін дәрігерге қаралу керек, өз бетінше емделуге болмайды.

Ботулизм ауруының алдын-алу шараларын алу үшін және ботулизм ауруын болдырмау үшін  мына жазған мәлімдемеге көңіл аударып, мән берсеңіздер.

Н.Утегенов,
Алға аудандық санитариялық –эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы