Демікпе ауруының алдын алу және емдеу жолдары
Демікпе (бронх демікпесі) – тыныс алу жолдарының созылмалы ауруы. Бұл дерт кезінде тыныс жолдары тарылып, ісініп, қақырық жиналады. Соның нәтижесінде науқаста ентігу, жөтел, сырыл пайда болып, дем алуы қиындайды. Демікпе бүгінде әлемде кең таралған аурулардың бірі болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, шамамен 300 миллионнан астам адам осы дертпен өмір сүреді.
Аурудың пайда болу себептері
Демікпенің нақты себебі әлі толық анықталмағанымен, аурудың дамуына әсер ететін қауіп факторлары белгілі:
- Тұқым қуалаушылық – ата-анасында немесе жақын туыстарында демікпе болған жағдайда ауру даму қаупі жоғары болады.
- Аллергия – шаң-тозаңға, жануарлардың жүніне, тамақ өнімдеріне немесе дәрі-дәрмекке аллергиясы бар адамдарда демікпе жиі кездеседі.
- Қоршаған орта факторлары – ауаның ластануы, зиянды химиялық заттар, өндірістік түтіндер тыныс жолдарын зақымдап, аурудың дамуына себеп болады.
- Тыныс жолдарының жиі инфекциялары – жиі ангина, тұмау, бронхитпен ауыратын балалар мен ересектерде демікпе қаупі артады.
- Темекі түтіні – темекі тарту немесе оның түтініне жиі ұшырау тыныс жолдарын зақымдайды.
Негізгі белгілері
Демікпе көбінесе мына белгілер арқылы байқалады:
- жиі жөтел, әсіресе түнде немесе таңертең күшейеді;
- тыныс алудың қиындауы, кеуденің қысылуы;
- сырылдап демалу;
- азғантай дене жүктемесінен кейін ентігу.
Аурудың белгілері мезгіл-мезгіл күшейіп, ұстама түрінде байқалуы мүмкін. Кейбір науқастарда жеңіл түрде өтсе, кейбірінде өмір сапасына қатты әсер етеді.
Асқынулары
Демікпе дер кезінде емделмесе немесе дұрыс бақыланбаса, мынадай асқынуларға әкелуі мүмкін:
- созылмалы бронхит пен өкпенің қабынуы;
- жүрекке түсетін артық жүктеме;
- тыныс жеткіліксіздігі;
- өмір сапасының төмендеуі.
Алдын алу шаралары
Демікпенің алдын алу және ұстамалардың жиілігін азайту үшін мына ұсыныстарды сақтау қажет:
- үйде тазалықты сақтау, шаң жиналмауына мән беру;
- темекіден және оның түтінінен алшақ болу;
- аллергендерді анықтап, олардан сақтану;
- тұмау, суық тиюдің алдын алу;
- таза ауада серуендеу, жеңіл дене белсенділігін сақтау.
Емдеу жолдары
Демікпе – созылмалы ауру болғандықтан, оны толық жазып жіберу мүмкін емес. Алайда дұрыс ем мен күтім арқылы науқастың жағдайын жеңілдетуге, қалыпты өмір сүруіне болады.
Емдеу негізінен мыналарды қамтиды:
- Ингаляциялық препараттар – тыныс жолдарын кеңейтетін және қабынуды азайтатын дәрілер;
- Антиаллергиялық дәрілер – аллергияны басу арқылы ұстаманы азайтады;
- Реабилитация – тыныс алу жаттығулары, емдік дене шынықтыру.
Дәрігердің кеңесінсіз өз бетінше ем қабылдау қауіпті екенін есте ұстаған жөн.
Демікпе – ерте анықталып, дұрыс бақылау жасалған жағдайда, науқас толыққанды өмір сүре алатын ауру. Уақытылы дәрігерге қаралу, емді үзбеу және алдын алу шараларын сақтау – аурудың асқынуынан қорғайды.
Балалар мен ересектердің денсаулығын қорғау – біздің ортақ міндетіміз. Демікпенің алдын алайық, салауатты өмір салтын сақтайық!
П.Таутенова,
Алға аудандық аурухананың
жалпы тәжірибелік дәрігері