«Dombyra party» өтті
4 шілде күні Алға ауданы әкімдігінің қолдауымен ашық аспан астында «Dombyra party» іс-шарасы өтті. Шара көркін Алға балалар өнер мектебі мен Болашақ шығармашылық орталығының шәкірттері келтірді.
Қасиетті қара домбыра ұлықталған шарада ұлттық музыканы жанына серік еткен өнерпаздар мен өнерсүйер жастар бас қосып, ән мен жырдан паш етті. Ұлттық аспапты, ұмытыла бастаған әсем үнді қайтадан сәнге айналдырып, қазақшылықты насихаттау мақсатында туындаған шара Кердері Әбубәкірдің ескерткіші орнатылған алаңда өтті. Бұл да кездейсоқтық емес. Өлең толғауларында халқымыздың әдет-ғұрпын, хал-жағдайын жырлап, киелі аспаптың тебіренді үнін әсем сазбен жеткізе білген Әбубәкір Боранқұлұлы рухына тағзым еткендей. Тәрбиелік мәні зор шара барысында қазақты нағыз қазақ еткен ұлттық аспап пен салт-дәстүрлеріміз насихатталды.
Осыған ұқсас шара «Әкімдік азаматтар үшін» мекемесінің алдында «Болашақ» шығармашылық орталығы шәкірттерінің сүйемелдеуімен өтті.
Қазақ халқының күмбірлеген күйі төгілген шарада жиналғандар қасиетті қара домбыраның сазына, жанды дауыста шырқалған әсем әндерге тәнті болды.
Мәншүк САПАРОВА