«Достар» тобының концерті өтті
Жаз айы басталасымен-ақ орталық саябақта аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлайтын мәдени шаралар, концерттер өткізілуде. Соның бірі 25 шілде күні өткен «Достар» тобының шығармашылық концерті.
«Достар» тобы 1987 жылы Бисенғалиев марат Бектемірұлының бастауымен Алға ауданы Тамды ауылдық клубының жанынан квартет болып құрылған. Жетекшісі – Бисенғалиев Марат. Халықты әсем әндерімен тамсандырып жүрген аталмыш шығармашылық топқа 2014 жылы Халықтық атағы да берілген. «Достар» тобы ауданымыздың өнер саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, әндерін халық сүйіп тыңдайтын топтардың бірі. Бүгінгі таңда «Достар» тобының бұрынғы құрамы мен жастар арасынан құрылған жаңа құрамы да бар. Жетекшісі – Разия Еркебұланова.
Орталық саябаққа жиналған көрермен аталмыш топтың тамылжыта орындаған көңілді, әрі ырғақты әндеріне билеп бір сергіп алса, лирикалық әндері жанды тербеді. Концертте «Достар» тобы «Льется музыка», «Калина», «Ауылға сағыныш», «Кездесерміз біз әлі», «Ғашықтар сыры», «Ана», «Вся жизнь впереди», «Таң сыры», «Ән мен әнші» әндерін орындап, қала тұрғындарына әдемі көңіл-күй сыйлады.
«Ән – көңілдің ажары» демекші, өнер әлемінде шығармашывлық табыстарға жетіп, халықты қуанышқа бөлеп жүрген «Достар» тобының ғұмыры ұзақ болғай!
Марал САНДЫБАЙ