ECO Plogging — 2025

 Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы «Таза Қазақстан» акциясы аясында Алға қаласының орталық саябағында Алға аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер арасында «ECO PlOGGING 2025» сайысы ұйымдастырылды.

Жастардың белсенді қатысуымен өткен сайысқа 18–35 жас аралығындағы азаматтар жиналды. Шараның шымылдығын аудан әкімі Болатбек Кангужин ашып, «Таза Қазақстан» акциясының мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайыстың әділ әрі ашық өтуін Алға аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелері қадағалады.

Қарапайым тазалық шарасы ғана емес, нағыз бәсекеге айналған жарыста әрбір команда өздеріне бөлінген аумақты қанша уақытта және қаншалықты сапалы тазартқаны бойынша бағаланды. Қатысушылар жаяу жүргіншілер жолдарының айналасын шөптен, қоқыстан тазартып, саябақтың сәнін келтіруге үлестерін қосты.

Алайда, аудан бойынша 40-тан астам мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер бола тұра, сайысқа небәрі 7 команда ғана қатысты. Олар – Алға аудандық аурухана, «Алға-Жылу» КМК, №1 Алға мектеп-бақшасы, №3 Алға қазақ орта мектебі, №4 Алға орта мектебі, «Жасыл ел» жасағы және мемлекеттік қызметшілер командасы. Өкінішке қарай, №4 Алға орта мектебінің командасы салғырттық танытып, жарыс жолын жартылай тастап кеткендігі көңілге қаяу салды.

Дегенмен, жігерін жаныған мықтылар өз нәтижесін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша І орынды – «Жасыл ел» жасағы, ІІ орынды – «Алға-Жылу» КМК ұжымы, ал ІІІ орынды ақ халатты абзал жандар жеңіп алды. Командалардың әзіл-қалжыңы жарасып, қысқа уақыттың ішінде қалың шөпті шауып, қоқысты тазалап, тратуардың шөбін тықырлатып жұлуы – олардың қоршаған ортаның тазалығын, еңбектің қадірін бағалай білетінін айқындады.

«ECO PlOGGING – 2025» – тек тазалықты насихаттап қана қоймай, бірлік пен ұйымшылдықтың да айқын көрінісіне айналды. Алғаның жастары мен мекемелері бұл жолы өз күштерін сынап көрді. Ең бастысы – табиғатты қорғау ісі әркімнің өз үйінен, өз ауласынан басталатынын еске салды.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА